National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Нұрсұлтан Назарбаев трамплинді шаңғы спортының республикалық базасын аралап көрді

2018 жылғы 11 шілде

Мемлекет басшысы оқу-жаттығу жүргізуге, дайындық жасауға әрі жарыс өткізуге арналған жаңа спорттық және туристік нысанмен танысты.

Республикалық шаңғы спорты базасы шаңғы стадионын, мылтықпен ату алаңын, жүзу бассейні мен жаттығу залы бар жабық спорт кешенін, трамплиннен секіруге арналған орынды, әкімшілік-тұрмыстық және басқа да мақсаттағы үй-жайларды қамтиды.

Спорт базасымен танысу барысында Қазақстан Президентіне еліміздің туризм саласын дамыту перспективалары туралы мәлімделді. «Туристік Қазақстан» бағдарламасының алдағы уақытта жүзеге асырылу және Щучинск-Бурабай курорттық аймағын әрі қарай жетілдіру жоспарлары жөнінде Премьер-Министрдің бірінші орынбасары А.Мамин, Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы және Ақмола облысының әкімі М.Мырзалин баяндама жасады.

Баяндамаларды тыңдаған Мемлекет басшысы Қазақстанның туристік әлеуетін арттырудың өзектілігін айтты.

– Қазіргі уақытта қазақстандықтар Отанымыздың көрікті жерлерімен таныса алатындай демалыс орындарын салу басты міндет саналады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Щучинск-Бурабай курорттық аймағының аумағындағы инфрақұрылымды дамытудың қажеттілігін айтты.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы тиісті кадрларды даярлау есебінен туристік қызмет көрсету сапасын жақсартудың маңыздылығына ерекше тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде 10 туристік аймаққа баса назар аударылатынын айтты. Бұлар – Имантау, Баянауыл, Түркістан, Алматы облысы, Шарын шатқалы, Алакөл, Каспий жағалауы және басқалары.

– Туристік нысандарға субсидия бөлу көзделіп отыр. Туристерді бәсекеге қабілетті баға болғанда ғана тарта аламыз. Біз экономиканың осы саласына зор мән беруіміз керек, – деді Елбасы.

Мемлекет басшысы өңірлердің басшыларын және инвесторларды еліміздің туристік кластерін дамыту үдерісіне белсенді атсалысуға шақырды.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің