National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Бүгін Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаңадан тағайындалған Қазақстан Республикасындағы елшілерден сенім грамоталарын қабылдады

2012 жылғы 28 тамыз

 

Президентке Австрия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Вольфганг Баняй, Румынияның Төтенше және өкілетті елшісі Николае Уреке, Въетнам Социалистік Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Нгуен Ван Хоа, Грузия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Давид Мумладзе, Испания Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Мануэль Ларротча Парада, Нидерланды Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Пейтер Ван Леувен, Түркия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Омер Бурхан Тузель сенім грамоталарын тапсырды.

Мемлекет басшысы рәсім кезінде сөйлеген сөзінде елшілерді Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық миссияларының басталуымен құттықтады.

- Сіздердің қызметтеріңіз сенім мен өзара түсіністікті нығайтуға, екі жақты ынтымақтастықтың әлеуетін барынша ашуға бағытталады деп сенемін. Қазақстанның сыртқы саясаты үшін биылғы жылдың маңызды мәні бар. Биыл біз Қазақстанның сіздердің елдеріңізбен дипломатиялық қатынастар орнатқанына 20 жыл толуын атап өтеміз. Осы уақыт ішінде біздің елдерімізде кең ауқымды өзгерістер болып өтті. Ол екіжақты қарым-қатынастардың дамуына оң ықпал етті, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент Қазақстан еліміздің тәуелсіздігін бірінші болып таныған Түркия Республикасымен белсенді ынтымақтастықта екеніне тоқталды.

- Соңғы жылдары қазақ-түрік қатынастарының стратегиялық жоспары қабылданды. 2009 жылғы қазан айында тарихи құжатқа – Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойылды. Мен қазақ-түрік қатынастарын сауда-экономика және инвестиция салаларында одан әрі тереңдете түсуді маңызды деп санаймын. Бұған Премьер-Министр Реджеп Ердоғанның мамыр айында Астанаға сапары барысында қабылданған «Жаңа синергия» бірлескен бағдарламасы тың серпін берді. Сонымен бірге, менің Түркияға сапарым нәтижелі болады деп санаймын, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан мен Испания арасындағы қатынастар деңгейінің биіктігі саяси диалогымыз бен сауда-экономикалық ынтымақтастығымыздың қарқынды дамуынан айқын көрінеді. 

- 2009 жылы Қазақстан Испаниямен Стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойды. Мен екіжақты байланыстар әлеуеті толық ашылуына мүмкіндік беріп отырған Испания Королі І Хуан Карлоспен арадағы ынтымақтастықты аса жоғары бағалаймын. Сеулде жасалған келісімге сәйкес,  Ұлы Мәртебелінің және Премьер-Министр Мариано Рахойдың 2013 жылы Астанаға сапармен келуін күтеміз. Бізге өз ынтымақтастығымызды экономиканың шикізаттық емес секторында, соның ішінде технология мен инновация трансферті саласында  жандандыру аса маңызды, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Австрия Республикасымен өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға мүдделі екенін атап көрсетті. 

- Биылғы қазан айында менің Венаға ресми сапарым жоспарланып отыр. Ол Қазақстан-Австрия қатынастарының дамуына қуатты серпін береді деп үміттенемін. Австрия Қазақстанның басты сауда серіктестері арасында жетінші орын алады. Өзара сауда көлемі өткен жылы 49 процентке өсіп, 4 миллиард доллардан асып түсті. Біз заманауи технологиялар алуға,  инновациялық саладағы ынтымақтастыққа мүдделіміз, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Нидерланды Қазақстанның Еуропадағы маңызды әріптестерінің бірі болып табылатынына тоқталып өтті.

- Нидерландымен инвестиция және сауда салаларында жемісті өзара іс-қимыл жасап келе жатқанымызды ерекше атап өткім келеді. Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан экономикасына Сіздің еліңіз жұмсаған инвестицияның жалпы көлемі 40 миллиард доллар болды, ал өткен жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы шамамен 7 миллиард долларға жетті. Нидерландылық компанияларды Қазақстан экономикасын жаңғыртуға белсене қатысуға шақырамыз. Алдыңғы қатарлы технологияларға, инновацияларға, ноу-хауларға, қазақстандық мамандарды оқытуларыңызға қызығушылығымыз бар. Бұл мәселеде «Қазақстан-Бенилюкс» Іскерлік Кеңесі үлкен роль атқара алар еді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан сондай-ақ Румыниямен жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударады.

- Сіздің еліңіз – Қазақстанның Орталық және Шығыс Еуропа өңірінде сауда саласындағы жетекші әріптесі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 2,5 миллиард долларға жетті. «ҚазМұнайГаз» компаниясының «Ромпетрол» холдингі акциясының 100 процентін алуы Қазақстанның Еуропалық Одақтағы ірі инвестициялық жобасы болып саналады. Біздің елдеріміздің географиялық жағдайы көлік-транзит ынтымақтастығын дамытудағы зор мүмкіндіктерді ашады, - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Вьетнамды Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды және болашағы зор әріптес ретінде санайтынын айтты.

- Қазіргі Қазақстан Орталық-Азия өңіріндегі ірі іскерлік, көлік және логистикалық хабы, Еуропа мен Азия арасындағы «көпір» болу ниетінде. 2020 жылға қарай Қазақстан арқылы өтетін транзиттік жүк тасымалының көлемі жылына 50 миллион тоннаға дейін өсуге тиіс. Қазақстан аумағы арқылы өтетін көлік легін Азиядан Еуропаға бағыттаудың үлкен мүмкіндіктері ашылуда. Менің Ханойға былтырғы қазан айында жасаған ресми сапарым екіжақты ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін ашты. Өзара сауданың оң серпінін қолдау және нығайта түсу, сауда-экономикалық, инвестициялық және инновациялық ынтымақтастығымыздың әлеуетін кеңейте түсу маңызды. Бұл мәселеде біз Вьетнам Президенті Чыонг Тан Шангтың Астанаға жасайтын алдағы мемлекеттік сапарына көп үміт артамыз. Биылғы қыркүйек айында Қазақстандағы Вьетнам мәдени күндерінің ашылуы және 2013 жылы Вьетнамдағы Қазақстан мәдени күндерін өткізу екі елдің мәдени-гуманитарлық жақындасуына мүмкіндік жасайтын болады, - деді Қазақстан Президенті.

Қазақстан Грузиямен екіжақты қарым-қатынастардың дамуына және нығая түсуіне баса мән береді. 

- Сіздің еліңізді Оңтүстік Кавказ өңіріндегі болашағы зор сауда-экономикалық әріптес ретінде қарастырамыз. Бізде инвестициялық ынтымақтастың оң тәжірибесі бар. Грузия экономикасына Қазақстаннан жұмсалған тікелей инвестицияның жалпы көлемі 200 миллион доллардан асады. Қазақстандық тауарларды Грузия аумағы арқылы әлемдік нарыққа шығару да зор қызығушылығымызды тудырады, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы сөз соңында елшілердің жұмысы маңызды және жауапты екенін атап өтті және олардың екіжақты ынтымақтастықты дамытуға елеулі үлес қосатындықтарына сенім білдірді.

Австрия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Вольфганг Баняй екіжақты қатынастарды дамыту үшін барлық күшін жұмсайтынын айтты.

- Бұл процестегі келесі қадам Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Австрия Республикасының Президенті Хайнц Фишермен биылғы қазан айындағы кездесуі болмақ, - деді В.Баяй.

Румынияның Төтенше және өкілетті елшісі Николае Уреке соңғы жылдары Қазақстан мен Румыния арасындағы қарым-қатынастар серпінді дамып келе жатқанын айтып өтті.

- Біздің елдеріміз арасында тамаша екіжақты қатынастар орныққан. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Румынияға келесі жылы жасайтын сапары оны дамыта түсетін болады. Қазақстан – Румынияның ең басты инвесторларының бірі, - деді Н.Уреке.     

Въетнам Социалистік Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Нгуен Ван Хоа өз елінің Президенті атынан Қазақстанға өркендеу тіледі.

- Мен өзіме жүктелген миссияны қуанышпен және абыроймен орындайтын боламын. Біздің елдеріміз арасында орныққан қарым-қатынастардың қарқынын арттыру үшін барынша күш-жігерімді саламын. Жуық арада менің елімнің Президентінің Қазақстанға сапары жоспарлануда. Сондай-ақ таяу келешекте Қазақстанда Въетнам мәдениетінің күндері өтетін болады, - деді Н.Ван Хоа.         

Грузия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Давид Мумладзе қазақ-грузин қарым-қатынастарының барлық бағыттары бойынша үлкен жұмыс атқарылғанын жеткізді.

- Қазақстан мен Грузия өңірлік деңгейде де, халықаралық ұйымдар аясында да белсенді ынтымақтастық жасап келеді. Жаңа Жібек Жолы жобасы - негізгі экономикалық қатынастар болып саналады, оны іске асыру біздің елдеріміздің мәдениетін, экономикасы мен саясатын дамытуға мүмкіндік береді, - деді Д.Мумладзе. 

Испания Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Мануэль Ларротча Парада Қазақстан жиырма жыл ішінде дамуы мен әл-ауқаты жағынан жоғары деңгейге қол жеткізген жас мемлекет екенін атап өтті.

- Қазақстан Үкіметі мен халқы өмір сүру деңгейін жақсарту, экономиканы жаңғырту және толыққанды азаматтық қоғамды дамытуға көмек көрсету үшін зор күш-жігерлерін жұмсады. Содықтан барша Қазақстан халқына құрметімді білдіргім келеді. Қазақстан Орталық Азияда өңірлік көшбасшы мәртебесіне ие болды және бүгінде Еуразиялық өңірдегі негізгі елге айналып отыр, - деді М.Парада.         

Нидерланды Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Пейтер Ван Леувен өзінің Қазақстанда 2002-2006 жылдары Елші болып қызмет атқарғанын айтты.

- Қазақстанға оралып, елдің және Астананың дамып келе жатқанын көріп, үлкен әсерде қалдым. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан орталық-азия өңіріндегі тұрақтылықтың айлағына айналып отыр. Нидерланды мен Қазақстан өте қарқынды экономикалық қатынастарға ие. Біз сондай-ақ Қазақстанмен ядролық қалдықтар бағдарламасы бойынша ынтымақтастық орнатып келеміз. Қазақстан ядролық сынықтарға тыйым салу саласында көшбасшы саналады. Мен екіжақты қарым-қатынастар ынтымақтастықтың барлық саласында одан әрі дамитынына сенемін, - деді А.Ван Леувен.         

Түркия Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Омер Бурхан Тузель Қазақстан өзінің Елші ретінде алғаш тағайындалған ел екенін атап өтті.

- Біздің елдеріміз арасындағы қарым-қатынастар Қазақстанның тәуелсіздігін алған алғашқы күннен дамып, бүгінгі жоғары деңгейіне жетті. Бүгінде ол стратегиялық мәртебе иеленді. Біз биыл біздің елдеріміз арасындағы тауар айналымы 4,5 миллард доллардан асады деп күтудеміз, алайда біз бұл деңгейді жеткіліксіз деп санаймыз. Өйткені, бұл көрсеткішті арттыру үшін екі елдің саяси ерік-жігері жетерлік. Біздің қарым-қатынастарымыз барлық салада одан әрі даму үшін барлық қажетті күш-жігерімді жұмсаймын, - деді О.Тузель.  


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің