National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің отырысын өткізді

2018 жылғы 19 сәуір

Жиынға Премьер-Министр Б.Сағынтаев, Президент Әкімшілігінің Басшысы Ә.Жақсыбеков, Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышев, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы А.Есімов, Премьер-Министрдің орынбасарлары А.Мамин және А.Жұмағалиев, Президенттің көмекшісі Ә.Смайылов, Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек, Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов, Қаржы министрі Б.Сұлтанов, Энергетика министрі Қ.Бозымбаев, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының тәуелсіз директоры Р.Эванс, ұлттық компаниялар мен кәсіпорындардың жетекшілері қатысты.

Басқосу барысында «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының жаңарған даму стратегиясы мен Қорды трансформациялау бағдарламасын қабылдау мәселелері талқыланды.

Кездесуді ашқан Қазақстан Президенті ұлттық экономикамызды нығайту және одан әрі дамыту ісінде «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының жұмысы стратегиялық маңызға ие болып отырғанын атап өтті.

– «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры ел экономикасында маңызды рөл атқарады. Қорды дамыту жөніндегі алғашқы ұзақ мерзімді стратегия 2012 жылы қабылданды. Ол әлемдік қаржы дағдарысының салдарына қарсы тұру мақсатымен әзірленген болатын. Соңғы жылдары ахуал өзгерді. Экономикамыз сыртқы факторлардың әсеріне төтеп беріп, орнықты даму жолына түсті. Көп жұмыс атқарылды, – деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Қорды дамыту үшін атқарылған жұмыстарға оң баға беріп, бұған дейін қабылданған бағдарламаларды қазіргі жағдайларға сәйкес жаңарту қажеттігін айтты.

– Біз экономикамызды үшінші жаңғырту жолына түсіріп, цифрландыру жөніндегі жұмыстарға белсенді түрде кірістік. Еліміздің 2025 жылға дейінгі даму стратегиясы қабылданды. Осы орайда, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының жаңа даму стратегиясын да қабылдау қажеттілігі туындап отыр. Сондай-ақ, Қорды трансформациялау бағдарламасын жаңарту қажет. Бұл бағдарламаның нәтижелері Қор компанияларының қызметінде де көрінуге тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Отырыс барысында «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы – Премьер-Министр Б.Сағынтаевтың, «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы А.Есімовтің, «Самұрық-Қазына» АҚ тәуелсіз директоры Р.Эванстың есептері тыңдалды. Жиынға қатысушыларға «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының 2018-2028 жылдарға арналған жаңарған даму стратегиясы және Трансформациялау бағдарламасы таныстырылды. Адами капиталды дамыту және Қордың кадр әлеуетін тиімді пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Нұрсұлтан Назарбаев баяндамашыларды тыңдап, жиынға қатысушылардың назарын тиісті шаралар қабылдауды қажет ететін бірқатар мәселеге аударды.

– Қорды басқарудың тиімділігін арттыру мәселесіне тоқталайық. Қор компанияларын басқарудың көп деңгейлі жүйесі әлі күнге дейін әрекет етіп келеді. Бұл шешімдер қабылдауды күрделендіреді, саны көп әкімшілік-басқарушылық персоналды ұстау үшін елеулі қаржы ресурстарын талап етеді. Басқару деңгейлерін қысқарту қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті сондай-ақ Қордың активтерін жекешелендіру жөніндегі жұмысты жалғастырудың маңыздылығына назар аударып, бұл бағдарламаға шетелдік инвесторлар зор қызығушылық танытып отырғанын айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев Қор компанияларын цифрландыру үдерісіне арнайы тоқталып, төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында бұл бағдарламаның өзектілігін және дер кезінде ұсынылып отырғанын атап өтті.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Қордың ірі инвестициялық жобаларына қатысты жүйелі шешім қабылдау қажеттігін айтты.

Жиын соңында Қазақстан Президенті «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының 2018-2028 жылдарға арналған жаңарған даму стратегиясын және Қорды трансформациялау бағдарламасын мақұлдап, оның әрі қарай жүзеге асырылуын ерекше бақылауға алуды тапсырды.

– Ұлттық әл-ауқат қорының жұмысы қазақстандықтардың тұрмысын жақсартуға және ел экономикасын көтеруге бағытталуы керек. Дамудың жаңа стратегиясы мен Трансформациялау бағдарламасы Қор жұмысының тиімділігін арттырып қана қоймай, ұлттық экономиканың одан әрі дамуына да ықпал етеді. Осыған орай Үкімет Қор басшылығымен бірлесіп, осы бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында белсенді жұмыс жүргізуі қажет, – деді Елбасы.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің