National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Мемлекет басшысы Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізді

2026 жылғы 13 қараша

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің көлік-транзит саласын дамыту мәселесіне арналған шұғыл отырысы өтті.

Жиында халықаралық көлік дәліздерін дамыту перспективасы және еліміздің транзит әлеуетін нығайту шаралары қаралды.

Премьер-министрдің орынбасары – Көлік министрі Әсел Жанасова, Қаржы министрі Мәди Такиев және Үкіметтің өзге де мүшелері саланың қазіргі ахуалы, жүзеге асырылып жатқан жобалар мен алдағы даму бағыттары туралы баяндама жасады.

Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы әлемде көлік-логистика байланыстарының жаңа жүйесі қарқынды түрде қалыптасып келе жатқанын атап өтті.

Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында еліміздің транзит әлеуетін нығайтудың негізгі бағыттары айқындалғанына назар аударып, Қазақстан халықаралық көлік құрылымында проактивті позиция ұстануы керек екенін айтты. Еліміздің географиялық тұрғыдан ұтымды орналасуы бірқатар артықшылық береді. Алайда мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігі тасымалдың жылдамдығына және сенімділігіне, оның шарттары мен мерзімдерінің алдын ала айқын болуына, сондай-ақ тарифтердің тиімділігіне байланысты.

Ең алдымен, транзиттік жүктерді өткізу мүмкіндігін арттырып, отандық әуе тасымалдаушыларға жағдай жасау және теңіз көлігін дамыту керек. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев көлік саласындағы ахуалды сынға алып, инфрақұрылымды жаңа жағдайға дер кезінде бейімдеу стратегиялық дамудың шешуші факторы екенін жеткізді. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ қызметін қатаң сынап, кірісті арттыру, қызметті оңтайландыру, соның ішінде цифрландыру құралдары арқылы компанияның жұмыс тиімділігін көтеру міндетін қойды.

Президент логистика орталықтарын кеңейту, шекаралық және кедендік рәсімдерді жетілдіру, саладағы барлық үдерісті кешенді цифрландыру, сондай-ақ жүктердің іркіліссіз өтуін қамтамасыз ету үшін инфрақұрылымдағы кедергілерді жою мәселелеріне айрықша тоқталды.

Бұдан бөлек, «Заң мен Тәртіп» қағидатын сақтай отырып, инвесторларға, көлік-логистика компанияларына барынша қолайлы жағдай жасау қажеттігіне назар аударылды.

Осы орайда, Президент «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясы басшыларының ұсталуына қатысты пікір білдірді.

Кеңес қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдарға көлік-транзит саласын одан әрі дамыту және Қазақстан аумағы арқылы өтетін халықаралық көлік бағыттарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.

Тапсырмалардың орындалуын бақылау Қауіпсіздік Кеңесінің аппаратына жүктелді.


Кері қайту Кері қайту X Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің