National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Жұмыс сапарлары

Мемлекет басшысы «Qarmet» акционерлік қоғамының ұжымымен кездесті

2026 жылғы 02 қараша

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Теміртауға жұмыс сапары барысында «Qarmet» акционерлік қоғамының ұжымымен және кәсіподақ мүшелерімен кездесу өткізді.

Мемлекет басшысы өз сөзінде облыстың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

– Кеншілер мекенін нағыз еңбек адамдарының киелі бесігі десек, артық болмайды. Қазір облыс экономикасы қарқынды дамып келе жатыр. Бұл, әрине, қуанышты жағдай. Әсіресе, аймақтағы шикізаттық емес өнім экспорты едәуір өскенін атап өту керек. Ауыр өнеркәсіп саласында жалпы құны 4,2 триллион теңге болатын өнім өндірілді. Бұл – шын мәнінде, зор жетістік. Еліміз бойынша да оң үрдіс жалғасуда. Осы жылдың соңына дейін Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің көлемі 398 миллиард долларға жетіп қалады. Бұл – Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткіш. Ал өңдеу өнеркәсібінің ел экономикасындағы үлесі 14 пайыздан асты. Мұның бәрі Қазақстан халқының табанды еңбегінің, ауқымды жұмысының жемісі екені сөзсіз. Осы орайда, әсіресе, облыстың өсіп-өркендеуіне Qarmet зауыты мол үлес қосып отырғанын атап өткім келеді. Қарағанды металлургия зауыты отандық металлургияның қара шаңырағы, тұтас аймақтың экономикалық тірегі саналады. Бұл ірі кәсіпорын еліміздің индустриялық әлеуетін арттыру ісінде ерекше рөл атқарады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Qarmet компаниясының бұған дейінгі жай-күйі күрделі болғанына назар аударды.

– Қабылданған батыл шешімдер жағдайды өзгертіп, осы бірегей комбинаттың дамуына тың серпін берді. Шығыстарды оңтайландыру және инвестиция тарту арқылы компания миллиардтаған шығыннан арылып, қиын кезеңді еңсерді. Осының нәтижесінде былтыр Qarmet 1,1 триллион теңге түсіммен таза пайдаға шықты. Кәсіпорында ауқымды жаңғырту бағдарламасы қолға алынды. Оны іске асыруға 2028 жылға дейін 3,5 миллиард доллар қаржы жұмсалады. Өндіріске озық технологиялар мен цифрлық шешімдер енгізуге айрықша мән берілуде. Жұмысты ұйымдастыру және еңбек қауіпсіздігі мәселесі ерекше бақылауға алынды, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бүгінде Qarmet бизнестің жоғары деңгейдегі әлеуметтік жауапкершілігі қандай болатынын көрсетіп отыр.

– Мәселен, кәсіпорын өз есебінен Теміртаудағы трамвай қозғалысын толық қалпына келтірді. Мен әлгінде ғана трамваймен жүріп көріп, аталған бастаманы құптадым. Теміртау тұрғындарына тамаша тарту болды деп ойлаймын. Компания жас мамандарды оқытуға және жұмыспен қамтуға арналған «Болашаққа жол» әлеуметтік бағдарламасын қолға алды. Бірінші кезеңде еліміздің әр аймағынан 500-ге жуық адам қамтылады. Білікті мамандарға, әсіресе, жұмысшы мамандық иелеріне сұраныс артып келеді. Бағдарлама, ең алдымен, осы үдеден шығады. Бұл бастамаға басқа да ірі кәсіпорындар қосылады деп үміттенемін, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Металлургия комбинатының жетістіктері еліміздегі ауқымды өзгерістермен тығыз байланысты. Қазақстан дамудың жаңа тарихи кезеңіне қадам басты. Алайда қол жеткізген табысқа тоқмейілсуге болмайды. Алдымызда атқаратын шаруа көп.

– Еліміздің саяси жүйесінің берік құрылымы қалыптасты. Бұл реформалар, ең алдымен, мемлекет іргесін нығайту мақсатында жасалып жатыр. Әлемдік саясат пен экономикада мүлдем жаңа, әлі кеңірек зерделеніп үлгермеген жағдаяттар пайда болған кезеңде мұның маңызы өте зор. Қазақстан пайдасымен қоса кемшілігі, тіпті тіршілікке қатер де төндіретін Жасанды интеллект үстемдік құратын жаңа әлемге ойдағыдай бейімделу үшін тыңғылықты дайындалуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент еліміз тарихымызда бұрын-соңды болмаған қарқынды құрылысқа кірісіп, бүкіл азаматтық инфрақұрылым жаңғыратынын жеткізді.

– Келесі жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жарияладым. Осы орасан жұмысқа «Халықтық құрылыс» деген атау берілді. Жолдауда атап өткенімдей, аталған ғаламат жобаға шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді. Бұл – орынды шешім. Өйткені «Халықтық құрылыс» аясында ел-жұртымыз барынша мұқтаж боп отырған жобалар іске асырылады. Ең маңыздысы, «Халықтық құрылыс» тұтас елді, барлық қала мен ауданды қамтиды. Шын мәнінде, біз баянды болашақтың сенімді іргетасын қалап жатырмыз. Өйткені жаңа әрі жөнделген жолдарды, әуежайларды, вокзалдарды, электр станцияларын, ауруханаларды, емханаларды, мектептерді, ерекше балаларды оңалту орталықтарын, балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйлерін, спорт нысандарын, бір сөзбен айтқанда, барлық азаматтық инфрақұрылымды бірнеше буын пайдаланып, игілігін көреді. Жалпы, «Халықтық құрылыстың» бүкіл мән-мағынасын «Құрылыс және тағы да құрылыс» деген бір ауыз сөзбен түсіндіруге болады. Түптеп келгенде, бүгінгі және келешек ұрпаққа бағдарламалар мен тұжырымдарды емес (бірақ, бұл да өте маңызды), біз оларға материалдық құндылықтарды, ең алдымен, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын аманат етіп қалдыруымыз керек. Халқымыздың әлдеқайда жайлы өмір сүруге, қазіргі өркениетті заманның барлық игілігін көруге хақы бар. Әділетті Қазақстанды құру стратегиясының басты мақсаты да – осы, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің этносаралық және дінаралық келісім саясатына және «Бірлігіміз – әралуандықта» қағидатына бейіл екенін мәлімдеді.

– Халық мүддесі жолындағы реформаларды табысты жалғастыру үшін ел ішінде бейбітшілік пен тұрақтылық болуы қажет. Қазақстанға жамандық тілеп, іс-әрекеті арқылы зиян келтіруге тырысатын кез келген адам «Заң және тәртіп» қағидатына сәйкес жауапқа тартылуға тиіс әрі солай болады. Елімізде заң мен тәртіп үстемдік құруы қажет. Қазақстан – бейбіт мемлекет. Біз бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосу үшін көршілес мемлекеттермен, сондай-ақ осыған мүдделі әлемдегі ірі немесе шағын елдердің барлығымен ынтымақтастықты нығайта береміз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Qarmet компаниясының мықты өндірістік базасы «Халықтық құрылыста» зор рөл атқаратынына сенім білдірді.

– Қазірдің өзінде Қазақстанның темірі құрылыста және өнеркәсіпте кеңінен қолданылады. Оны тұтыну көлемі арта беруге тиіс. Комбинат өнімі Саран қаласында жолаушылар автобусын шығаруға пайдаланылады. Жаңа құю-илемдеу кешені бой көтеріп жатыр. Мұнда келешекте болаттың мұнай, атом және машина жасау өнеркәсібінде сұранысқа ие өте сапалы түрлері шығарылады, – деді Президент.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы Qarmet компаниясының ұйымшыл ұжымы толайым табысқа табанды еңбектің арқасында жеткеніне тоқталды. Ол Qarmet жұмысшыларының ерен еңбегі, кәсібилігі мен өз ісіне адалдығы компанияны өрге жетелейтінін айрықша атап өтті.

– Осы жиынға былтыр ең жоғары ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған Сергей Петрович Чернобай қатысып отыр. Сіздердің араларыңызда Qarmet компаниясының бұрынғы даңқын қайта оралту үшін аянбай еңбек етіп жүрген азаматтар баршылық. Жемісті жұмыстарыңыз зор құрметке лайық. Мемлекеттің саясаты озат жұмысшылар мен мамандарды ынталандыруға бағытталған. Былтыр сіздердей еңбекқор жандарға ілтипат көрсеттік. Бірақ мемлекеттің сіздерге, яғни өндіріс жұмысшыларына және ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне деген ізет-құрметі өзгермейді. Біз сіздерді әрдайым қолдаймыз. Сондықтан мен еліміздің индустриясы мен өнеркәсібін дамытуға елеулі үлес қосқан бір топ азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұл – Отанымыздың игілігі үшін жасаған еселі еңбектеріңізге берілген лайықты баға, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент бизнеске жан-жақты қолдау көрсету қажеттігін мәлімдеді.

– Жолдауымда мемлекет шағын бизнесті қолдау үшін бірқатар шара қабылдайтынын, соның ішінде алдағы үш жылда тексерістен босататынын айтқанымды білесіздер. Шағын бизнес жаңа салық шарттарына ойдағыдай бейімделуі үшін оған қазір қол ұшын созу керек деп ойлаймын. Кредитті арзандату мақсатында кәсіпорындарды қаржыландыру мәселесін де пысықтаған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жиын соңында елдің өндірістік және индустриялық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Qarmet» акционерлік қоғамының бір топ қызметкерін жоғары мемлекеттік наградалармен марапаттады:

 

«Құрмет» орденімен

Измер Александр Сергеевич – «Karaganda Komir» ЖШС «Тентек» шахтасының бригадирі, Қарағанды облысы

Ыдырысов Зейнолла Сұлтанұлы – «Qarmet» АҚ цех шөмішшісі, Қарағанды облысы;

 

III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен

Абюров Жамбыл Мелісұлы – «Өркен» ЖШС «Өркен-Атасу» өкілдігі «Батыс Қаражал» шахтасының үңгілеушісі, Ұлытау облысы

Баулекова Гуля Кәлкенқызы – «Karaganda Komir» ЖШС «Қазақстан» шахтасының электр слесары, Қарағанды облысы

Жанаев Марат Бөкенұлы – «Karaganda Komir» ЖШС И.А.Костенко атындағы шахтасының электр слесары, Қарағанды облысы

Иванов Игорь Владимирович – «Qarmet» АҚ инженері, Қарағанды облысы

Қынаев Бекболат Қынайұлы – «Qarmet» АҚ ауысым бастығы, Қарағанды облысы

Хан Валерий Васильевич – «Karaganda Komir» ЖШС В.И.Ленин атындағы шахтасының директоры, Қарағанды облысы;

 

«Ерен еңбегі үшін» медалімен

Алшымбеков Сансызбай Қожагелдіұлы – «Өркен» ЖШС «Өркен-Атансор» өкілдігі ұсақтау-байыту фабрикасының шебері, Ақмола облысы

Ахметов Арман Ерсайынұлы – «Qarmet» АҚ жетекші инженері, Қарағанды облысы

Байжанов Рафхат Мамыртайұлы – «Karaganda Komir» ЖШС «Шахтинск» шахтасының кеншісі, Қарағанды облысы

Захаров Дмитрий Витальевич – «Qarmet» АҚ жетекші инженері, Қарағанды облысы

Иванов Константин Владимирович – «Qarmet» АҚ цех бастығының орынбасары, Қарағанды облысы

Колесов Сергей Александрович – «Qarmet» АҚ қызмет бастығы, Қарағанды облысы

Фомина Татьяна Николаевна – «Өркен» ЖШС Лисаков филиалының кран машинисі, Қостанай облысы.

Салтанатты іс-шарадан соң Президент кәсіпорын жұмысшыларымен емен-жарқын әңгіме өрбітті.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа құю-илемдеу кешенінің құрылысы басталуына орай орнатылған ескерткіш тақтаға қол қойды.

 

 


Кері қайту Кері қайту X Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің