National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Мемлекет басшысы Германияның маңдайалды жоғары оқу орындары ректорларымен және ғылыми институт жетекшілерімен кездесті

2026 жылғы 30 қыркүйек

Германия, Берлин қаласы

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Германияның білім саласындағы табысты ынтымақтастығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл жетістіктерге Президент Франк-Вальтер Штайнмайердің 2023 жылы маусым айындағы сапарынан бастау алған саяси диалогтың нығаюы септігін тигізді.

– Бүгінде Қазақстанның 45 университеті Германиядағы 100-ге жуық серіктеспен ынтымақтастық орнатқан. Екі мыңға жуық қазақстандық студент Германияда білім алады. Қазіргі кезде елімізде шетелдік университеттердің 30-дан астам филиалы мен серіктес өкілдігі  бар. Бұл көрсеткіштер көп нәрсені аңғартады. Дегенмен олар ынтымақтастығымыздың қаншалықты терең екенін толық көрсетпейді. Ең бастысы, қолға алған ісіміз өте маңызды. Яғни ықпалдастығымыздың мазмұны түбегейлі өзгерді, – деді Президент. 

Мемлекет басшысы елімізді Еуразия мен одан тысқары жерлердегі жетекші академиялық және ғылыми-зерттеу орталығы ретінде қалыптастыру стратегиялық басымдық ретінде айқындалғанын айтты.

– Біз дәстүрлі қалыпты өзгертіп жатырмыз. Жастарды шетелге білім алуға жіберудің орнына Қазақстанға озық халықаралық жоғары оқу орындарының стандарттары мен бағыттарын әкелуге кірістік. Елімізде Кардифф университетінің, KAIST және Колорадо тау-кен мектебінің өкілдіктері жұмыс істейді. Қазір елімізде 40 мыңнан астам шетелдік студент білім алады. 2029 жылға қарай олардың санын 100 мыңға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Қазақстан Болон процесіне мүше ел ретінде білім беру сапасы мен ғылыми дәрежелердің сәйкестігін қамтамасыз ететін еуропалық стандарттарды қолданады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент екі ел жоғары оқу орындарының серіктестігі аясында Қазақстан экономикасының қажеттілігіне сай білім және ғылым орталықтары құрылып жатқанын айтты. Аталған жұмыстың нәтижесінде Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында Қазақстан-Германия бірлескен университеттері ашылды.

– Бұл мысалдар мына маңызды қағиданың дұрыс екенін көрсетеді. Нақты экономикалық және технологиялық қажеттілікке сай келетін академиялық серіктестік нәтижелі болады. Университеттер өндірістен алшақтап кетпеуі керек. Ғылыми зерттеулер жаңа технологияларды ойлап табуға түрткі болуға тиіс. Ал білім беру жүйесі экономиканы біліктілігі жоғары мамандармен қамтамасыз етуі қажет, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев білім алмасу тәжірибесінен білім қорын бірлесе жасау үдерісіне көшуге мүмкіндік беретін серіктестіктің үш негізгі бағытын ұсынды.

– Біріншіден, бірлескен білім беру бағдарламаларын көбейтіп,  серіктес оқу орындары арасындағы қос дипломды бағдарламалардың аясын кеңейту керек. Екі ел студенттері мен зерттеушілерінің бірлесе жұмыс істеуіне мүмкіндік беру маңызды. Осы орайда елдеріміздің арасындағы академиялық байланысты нығайтуға ықпал ететін арнайы білім алмасу бағдарламасын іске қосуды ұсынамын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен ғылыми зерттеулерді тағы бір маңызды бағыт ретінде атады.

– Қазақстан Horizon Europe бағдарламасына қауымдастырылған мүше ретінде қосылу үшін келіссөз бастады. Мақсатымыз – еуропалық зерттеу кеңістігіне кірігу. Еліміз Шикізат материалдары бойынша еуропалық серіктестіктің толыққанды мүшесі. Бұл ұйымның бюджеті 300 миллион еуроны құрайды. TiBeRIUM жобасы осындай ынтымақтастықтың нақты мысалы саналады. Биыл Horizon Europe бағдарламасының 7,5 миллион еуро қаржылай қолдауымен және Фрайберг тау-кен академиясының үйлестіруімен іске қосылған жоба Шығыс Қазақстан техникалық университеті мен Үлбі металлургия зауытын бір іске жұмылдырды. Жоба титан мен берилийге арналған төмен көміртекті өндіріс тізбегін әзірлеуді мақсат етеді. Бізге дәл осындай ынтымақтастық аясын кеңейту қажет. Сол арқылы университеттер, ғылым мен өндіріс бір арнаға тоғысып, жеткізу тізбегі нығаяды. Нәтижесінде біз шикізат ресурстарынан қосылған құны жоғары өнім мен технологияға көшеміз, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, технология трансфері – серіктестіктің үшінші бағыты. Қазақстан ғылыми зерттеулерге бөлінетін қаржы көлемін ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына дейін арттырады. Сонымен қатар компанияларды университет зерттеулеріне инвестиция құюға ынталандыру тетіктерін іске қосты. Қасым-Жомарт Тоқаев неміс кәсіпкерлерін бірлескен мекемелер жанынан инженерлік зертханалар мен трансфер орталықтарын ашуға шақырды. Сондай-ақ мұндай бастамаларды қоса қаржыландыру арқылы қолдауға дайын екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаратын келешегі зор жасанды интеллект саласына баса назар аударды.

– AI-Sana бағдарламасы аясында 700 мың студент жасанды интеллект саласы бойынша сертификатталған машыққа ие болды. Біз alem.cloud суперкомпьютер кластерін орнаттық. Жасанды интеллект саласында арнаулы зерттеу университетін аштық. Өңірде алғашқылардың бірі болып, жасанды интеллект туралы заң қабылдадық. Бұған қоса суперкомпьютер технологиясын дамытуды қолға алдық. Бұл немістің ғылыми мекемелерімен және өндіріс орындарымен ынтымақтастыққа жол ашады. Технологияға әуес жастарымыз неміс компаниялары мен зерттеушілеріне сенімді серіктес бола алады. Қазақстан қолданбалы цифрлық шешімдер мен Индустрия 4.0 технологиясын сынақтан өткізетін алаң ұсынады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қазақ пен неміс халықтарының арасындағы ақыл-ой иелерінің тарихи тамырластығына тоқталды. Қазақтың ұлы ақыны, ойшыл Абай Құнанбайұлы Иоганн Вольфганг фон Гётенің өлеңін «Қараңғы түнде тау қалғып» деп қазақ тіліне сәтті аударғанын еске салды. Мемлекет басшысы осы рухани үндестік қос халықтың зияткерлік байланысына негіз болғанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорыта келе, Германия мен Қазақстанның жетекші университеттері мен ғылыми институттарының басшыларын жаңа жобаларды бірлесе атқаруға шақырды.


Кері қайту Кері қайту X Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің