Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Парламент Мәжілісіндегі алты саяси партияның фракция жетекшілерімен кездесу өткізді.
Жиынға «Amanat» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев, «Ауыл» партиясы фракциясының жетекшісі Серік Егізбаев, «Respublica» партиясы фракциясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Азат Перуашев, Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Асхат Рақымжанов, сондай-ақ Президенттің Парламенттегі өкілдігінің басшысы Әмірбек Оспанбеков қатысты.
Кездесу барысында Ерлан Қарин Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай аясындағы бастамаларын жүзеге асыруға белсенді қолдау көрсеткені үшін партиялардың фракцияларына алғыс айтты. Атыраудағы Құрылтайда айтылған ұсыныстарды жүзеге асыру үшін 9 заң қабылданды. Олардың қатарында әйелдердің құқықтарын, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету; вейптерге, шегуге келмейтін темекі өнімдеріне тыйым салу жөніндегі заңдар; сондай-ақ мемлекеттік наградаларға; ономастикаға; нышандардың бірыңғай стандартына; ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелеріне; вандализмге және табиғи нысандарды қорғауға; құрметті атақтарға; есірткі өнімдерімен айналысатын адамдардың, сонымен қатар оны жасырын жеткізушілердің жауапкершілік жігін бөлуге қатысты түзетулер мен толықтырулар бар.
Мемлекеттік кеңесші аталған заңдар ішкі саясатқа байланысты жұмыстың тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Сондай-ақ жиынға қатысушылар Мемлекет басшысының «Ana tili» газетінде жарық көрген сұхбатында айқындаған ішкі саясат саласындағы биылғы жұмыстың бағыт-бағдары туралы пікір алмасты.