National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоғанның Кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы Бірлескен мәлімдемесі

2022 жылғы 10 мамыр

Түркия Республикасы Президенті Режеп Тайип Ердоғанның шақыруымен Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 10-11 мамыр күндері Түркияға мемлекеттік сапары жүзеге асырылды.

Президенттер (бұдан әрі – Тараптар) бұл сапардың Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға елеулі үлес қосқанын қанағаттанушылықпен атап өтті.

Тараптар осы мәлімдемені қабылдау арқылы екі ел арасындағы қарым-қатынастарды «кеңейтілген стратегиялық серіктестік» деңгейіне көтеру туралы шешім қабылдады.  

Тараптар сапардың екі ел арасында саяси, әскери, қорғаныс, қауіпсіздік, экономика, сауда, инвестиция, өнеркәсіп, тау-кен өнеркәсібі, туризм, энергетика, экология, көлік және транзиттік тасымал, авиация, отбасы және әлеуметтік қызметтер, еңбек және жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы, апаттар мен төтенше жағдайлар, мәдениет, білім, ғылым және технологиялар, инновациялар, баспасөз және коммуникациялар, денсаулық сақтау, жастар және спорт, архив салаларындағы ортақ мүдделерге негізделген ынтымақтастықты нығайту тұрғысынан маңызды белес болғанын атап өтті.

Осы ретте Тараптар 2022 жылғы 3-4 наурызда Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан -Түркия Үкіметаралық экономикалық комиссиясы (ҮЭК) 12-ші отырысының және 2022 жылғы 24 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласында өткен Бірлескен стратегиялық жоспарлау тобы 7-ші отырысының нәтижелерін жоғары бағалап, ҮЭК отырысында 68 баптан тұратын іс-қимыл жоспарының қабылданғанына ризашылығын білдірді.

Тараптар аталған тетіктердің  өңірлік және халықаралық оқиғаларға қоса, екі ел арасындағы қарым-қатынастар тұрғысынан ынтымақтастықтың жаңа бағыттары мен жобаларын дамыту үшін пайдалы негіз болып табылатынын және барлық салалардағы қарым-қатынастар мен ынтымақтастыққа жоғары деңгейде серпін мен бағыт-бағдар беретінін атап өтіп, оларды жүйелі түрде ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті.

Өзара достық пен түсіністік жағдайында өткен кездесулер барысында Тараптар Қазақстан – Түркия байланыстарының қазіргі жағдайын және қарым-қатынастарды барлық салаларда одан әрі дамыту және тереңдету мүмкіндіктерін жан-жақты қарастырып, өңірлік және халықаралық өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Тараптар Түркия 2019 жылы жариялаған «Жаңадан Азия» бастамасының екі ел арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестік қарым-қатынастарына өзара тиімділік негізінде одан сайын серпін беруін күтетіндерін білдірді.

Түрік тарапы бауырлас Қазақстанның тәуелсіздігі, егемендігі, аумақтық тұтастығы, саяси тұрақтылығы мен әл-ауқатына деген өзінің берік қолдауы мен өзара жәрдемдесуін тағы да атап өтті.

Қазақстан тарапы бұл тұрғыда Түркияның және Түркия ісбасындағы төрағалығын жүзеге асырып отырған Түркі мемлекеттері ұйымының көрсеткен қолдауына ризашылығын білдірді.

Түрік тарапы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елде жүргізіліп жатқан ауқымды реформаларға деген берік қолдауын растады.

Осы ретте Тараптар 2022 жылғы 2 наурызда Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 30 жылдығы аталып өткенін еске сала отырып, екі бауырлас елдің ортақ тарих, тіл және мәдениетке негізделген қарым-қатынастары мен ынтымақтастығын тиімді түрде дамыта беруге әрі өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа үлес қосатындай ынтымақтастықты тереңдетуге деген ниеттерін қуаттады. Қазақстан-Түркия арасындағы саяси диалогты түрлі деңгейдегі өзара сапарлар мен кездесулер арқылы жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

Тараптар 1994 жылғы 17 қазандағы Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы Достық және ынтымақтастық туралы келісімнің, 2009 жылғы 22 қазандағы Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы келісімнің, Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесі отырыстарының қорытындылары бойынша қабылданған бірлескен мәлімдемелер және басқа да екіжақты шарттар мен келісімдердегі ережелерді басшылыққа ала отырып, төмендегілерді мәлімдейді:

  1. Екі ел арасындағы тамыры ортақ тарихқа, тіл мен мәдениетке негізделген достық пен бауырластық байланыстарына, тығыз саяси диалог пен көп қырлы ынтымақтастыққа қатысты қанағаттанушылықтарын білдірді.
  2. Сыртқы саясат, қорғаныс және қауіпсіздік, экономика, сауда, инвестиция, өнеркәсіп, тау-кен өнеркәсібі, ғылым және технология, көлік, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және киберқауіпсіздік, энергетика, қоршаған орта және урбанизация, денсаулық сақтау, отбасы және әлеуметтік қызметтер, азық-түлік, ауыл шаруашылығы, апаттар мен төтенше жағдайлар, білім беру, бұқаралық ақпарат құралдары мен коммуникациялар, мәдениет, туризм, спорт, архив салаларындағы ынтымақтастық пен үйлестіруді тереңдету және осы бағыттағы екіжақты ынтымақтастық тетіктерін ұлғайту арқылы оларды барынша пайдалануға келісті.​
  3. Екі ел арасындағы келісімшарттық негізді нығайту мақсатында сапар барысында қол қойылған келісімдерге қатысты қанағаттанушылықтарын білдірді.
  4. Экономика және сауда қатынастарын дамыту мақсатында құрылған ынтымақтастық тетіктерінің жүйелі жұмысын жалғастырудың және 2022 жылғы 3-4 наурызда Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан-Түркия ҮЭК 12-ші отырысында қабылданған шешімдерді мұқият орындаудың маңыздылығын атап өтті. Осы мақсатта ҮЭК іс-қимыл жоспарының орындалуын жүйелі түрде қарастыру мақсатында екі ел құзыретті министрліктері мен мекемелерінің қатысуымен тұрақты кездесулер өткізуге келісті.
  5. Екіжақты сауда көлемінің тұрақты түрде артуын қанағаттанушылықпен атап өтіп, алдағы жылдарда сауда көлемін 10 млрд. долл. жеткізу үшін қажетті шараларды қабылдаудың маңыздылығын атап көрсетті.
  6. Екі ел арасындағы сауданы ынталандыру және өзара тікелей инвестицияларды қолдау мақсатында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер, Сауда және интеграция министрліктері, Түркия Республикасының Сауда, Индустрия және технология министрліктері мен Президенттік инвестиция кеңсесінің үйлестіруімен қажетті шараларды қабылдауға келісті.
  7. Екіжақты экономикалық және сауда ынтымақтастығын тереңдету әрі әртараптандыру үшін шарттық негізді одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
  8. Жеке сектор байланыстарының маңыздылығына назар аударып, Қазақстан-Түркия ҮЭК 12-ші отырысы шеңберінде Нұр-Сұлтан қаласында қазақ-түрік іскерлік форумының өткізілгенін қанағаттанушылықпен атап өтіп, бұл форматтағы жиындарды жыл сайын тұрақты ұйымдастыруға келісті.
  9. Қазақстандық халықаралық даму агенттігі (KazAID) және Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (ТIКА) арасында қол қойылған ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумы шеңберінде екі құрылым арасындағы қарым-қатынастарды дамытудың  маңыздылығын атап өтті.
  10. Өңірлік энергетика қауіпсіздігін дамыту мақсатында Қазақстанда, Түркияда және үшінші елдердегі жеке сектор саласындағы мүмкіндіктерді зерттеуге келісіп, баламалы энергия көздері, гибридті технологиялар, энергия жинақтау саласында бірлескен іс-шаралар мен консультациялар өткізуге ниетін білдірді.
  11. Энергетика және тау-кен өнеркәсібі салаларындағы қарым-қатынастарды дамытудың маңыздылығын атап өтіп, өзара тиімділік негізінде осы салалардағы екіжақты және өңірлік ынтымақтастықты ілгерілетуге келісті.
  12. Трансшекаралық орталықтарды дамыту саласындағы өзара түсіністік туралы екіжақты меморандум шеңберінде іс-шараларды жүзеге асыру бойынша Жол картасын дайындауды және бекітуді қолдады.
  13.  Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістанда «TURANSEZ» Арнайы экономикалық аймағын дамытуға мүдделіктерін растады.
  14. Екі елдегі ғылыми-зерттеу бастамаларын қолдау, мемлекеттік қызмет саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыру, мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыру, екі елдің ғылыми қызметкерлері үшін қысқа және ұзақ мерзімді тағылымдамалар ұйымдастыру және сарапшылардың өзара қатысуымен ғылым мен технологияда ынтымақтастықты дамыту мақсатында кездесулер, семинарлар және дөңгелек үстелдер ұйымдастыруды ортақ мақсат ретінде қабылдады.
  15. Әлеуметтік-еңбек және отбасы саясаты салаларындағы ақпарат және тәжірибе алмасудағы ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
  16. Өңірлік көлік, коммуникация және инфрақұрылымды дамытуда ынтымақтастық жүргізуді, темір жолдарды, автомобиль жолдарын, логистикалық орталықтарды, әуежайларды жобалау, салу және пайдалану бойынша тәжірибе алмасуды және осы жобаларда халықаралық қаржы институттарынан қаржылық көмек алуда ынтымақтастық жүргізуді орынды деп тапты.
  17. 2022 жылғы 9 мамырда Анкара қаласында өткен Қазақстан-Түркия арасындағы бірлескен көлік комиссиясының отырысында қабылданған шешімдерге сәйкес, Қазақстан және Түркия арасында екіжақты және транзит тасымалдауын дамыту мақсатында ынтымақтасты жүзеге асыруға келісті.
  18. Баку-Тбилиси-Карс теміржолы мен Шығыс-Батыс Орта дәліз арқылы жүк тасымалының ұлғаюын құптай отырып, көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуды уағдаласқандарын мәлімдеді. Орта дәліз арқылы Транскаспий бағытындағы вагондар мен контейнерлердің тасымалдау бойынша бекітілген мөлшерлемелерді ескере отырып, олардың Баку-Тбилиси-Карс жаңа желісі арқылы тасымалдаудың маңызына назар аударды. Сонымен қатар Орта дәлізді тиімді және тұрақты пайдалану үшін тиісті мекемелер арасындағы үйлестіруді күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
  19. Экономика және сауда қатынастарын одан әрі дамытуда құрылыс секторы мен мердігерлік қызметтердің маңыздылығын көрсете отырып, осы саладағы ынтымақтастықты дамыту үшін қажетті қадамдарды жасауға шешім қабылдады.
  20. Мәдениет және туризм саласындағы екіжақты қарым-қатынастарды дамыту мақсатында тиімді ынтымақтастық тетіктерін пайдалана отырып, COVID-19-ға қарсы вакцинация сертификаттарын қоса алғанда, қауіпсіз саяхатты жеңілдету бойынша шаралар қабылдаудың және тәжірибе алмасуды жандандырудың маңыздылығын атап өтті;
  21. Екі ел арасындағы тұрақты жолаушы рейстер санын арттырудың маңыздылығын атап өтіп, азаматтық авиация мекемелері арасында келіссөздер жүргізу туралы шешімді құптады.
  22. Ақпараттық коммуникациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, цифрландыру, оның ішінде стартаптарды қолдау саласында тәжірибе алмасуға және технологиялық парктердің ынтымақтастығын нығайтуға келісті.
  23. Қоршаған орта және урбанизм саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, осы саладағы ынтымақтастықты, оның ішінде техникалық білім мен тәжірибе алмасуды ілгерілетуге келісті.
  24. Азық-түлік, ауыл шаруашылығы салаларындағы техникалық ынтымақтастықты дамыту және қолданыстағы тетіктерді тиімдірек пайдалану қажеттігін мәлімдеп, 2023 жылы Түркияда қазақстандық бизнес өкілдерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы саласында қазақ-түрік іскерлік форумын және қазақ-түрік ауыл шаруашылығы жұмыс тобының отырыстарын өткізу туралы шешім қабылдады.
  25. Ауқымды орман өрттерімен күресуде жәрдемдесумен қоса орман шаруашылығы мәселелері бойынша ынтымақтастық бағыттарын дамытудың маңыздылығын атап өтіп, 2021 жылғы Түркиядағы алапат орман өрті кезінде қазақ халқының көрсеткен көмегіне ризашылығын білдірді.
  26. Өсімдіктерді қорғау және өсімдіктер карантині салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты.
  27. Адам өмірі мен денсаулығын қажетті деңгейде қорғауды қамтамасыз ету және адам денсаулығына зиянды өнімдер мен азық-түлік өнімдері және жануарлардан жұқпалы ауруларға жол бермеу мақсатында ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
  28. Жоғары оқу орындары арасында тікелей байланыстар орнату, өзара тәжірибе алмасу, оқытушылардың біліктілігін арттыру, ғылыми семинарлар, конференциялар мен шеберлік курстарын ұйымдастыру, сондай-ақ бірлескен білім беру саласындағы ынтымақтастық бағдарламаларын қолдауды қуаттады.
  29. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту, мәдениет пен өнер саласында өзара іс-шараларды жүзеге асыру,  екі ел  кинонарықтарында Қазақстан мен Түркияда шығарылған және бірлесе түсірілген фильмдердің көрсетілімдерін ұйымдастыру маңыздылығын атап өтті.
  30. Ақпарат алмасуды, стратегиялық коммуникацияны, қоғамдық дипломатияны, мәдени байланыстарды нығайту, екіжақты инвестицияны ұлғайту, елдердің бренд құндылығын арттыру және институционалдық қарым-қатынасты жетілдіру мақсатында тиісті бағдарламалар негізінде БАҚ қызметкерлерінің кәсіби дағдыларын дамыту туралы келісті.
  31. Мемлекет пен қоғамның ашықтығы мен транспаренттілігі, тиімді мемлекеттік басқару бойынша тәжірибе мен ақпарат алмасу, БАҚ өкілдері мен мемлекеттік мекемелердің баспасөз өкілдері үшін бірлескен оқу бағдарламаларын өткізу, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және гибридті қауіп-қатерлерге жататын дезинформацияға қарсы күрес бойынша пікір және ақпарат алмасу туралы келісті.
  32. Aқпарат саласындағы мемлекеттік саясатты дамытуда және бұқаралық ақпарат құралдарын, әлеуметтік желілерді және БАҚ қызметін нығайтуға қолдау көрсету бойынша Қазақстан мен Түркияның құзырлы органдары арасындағы ынтымақтастықты арттыруға, өзара бағдарламаларды жүзеге асыруға келісті.
  33. Екі ел арасындағы гуманитарлық және мәдени қарым-қатынастарды тереңдету мақсатында ұлттық архив мекемелері арасындағы қалыптасқан ынтымақтастықты құптап, оны одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Мәдени орталықтар туралы келісімге қатысты процесті мүмкіндігінше тезірек аяқтау туралы шешім қабылдады.
  34. Екі елдің жастар саясаты саласындағы ынтымақтастығына қанағаттанатындықтарын атап өтіп, осы саладағы достық әріптестік қарым-қатынастарды келісімшарттар негізінде одан әрі дамытуды құптады.
  35. Денсаулық сақтау саласындағы екіжақты ынтымақтастық келісімін жаңарту, медициналық білім мен тәжірибе алмасуды күшейту және эпидемиялық аурулармен күресті қоса алғанда, жер сілкінісі, су тасқыны, өрт және т.б. табиғи апаттарға қарсы бірлесіп әрекет ету бойынша шешімдерін атап өтті.
  36. Екі елдің қарулы күштері мен құқық қорғау органдары арасында өзара сапарлар жасау, тәжірибе алмасу, оқыту, үйлестіру және бірлескен оқу-жаттығулар сияқты іс-қимылдарды көбейту туралы шешім қабылдады.
  37. Терроризм мен экстремизмнің барлық түрлеріне қарсы табанды күресуге, екі елдің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін барлық құрылымдарға қарсы күресті күшейтуге, қорғаныс пен қауіпсіздік саласындағы диалог тетіктері арқылы ынтымақтастықты тереңдетуге келісті.
  38. Қорғаныс өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастықты тереңдету және осы мақсатта бірлескен өндірісті қоса алғанда, әртүрлі ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастыру және жүзеге асыруға келісті.
  39. Экономикалық, сауда және мәдени қарым-қатынастарды одан әрі дамыту және гуманитарлық байланыстарды жеңілдету мақсатында консулдық мәселелер бойынша ынтымақтастықты жалғастыру қажеттілігіне назар аударды.
  40.  Өздерінің іргелі мүдделерін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауға, сыртқы күштердің ішкі саясатқа араласуына жол бермеуге өзара қолдау көрсететіндіктерін қуаттады.
  41. Жаһандық және өңірлік тұрақтылық, бейбітшілік пен өркендеу мақсатына сәйкес бірлесіп әрекет ету, Түркі мемлекеттері ұйымы және басқа халықаралық ұйымдарда және көпжақты платформаларда үйлестіруді қамтамасыз ету, Түркі мемлекеттері ұйымының «Түркі әлемінің келешегі – 2040» құжатын жүзеге асыру үшін үйлесімді жұмыс істеу, барлық мүмкін болған жағдайларда тараптардың халықаралық ұйымдарда ұсынылған шешімдері мен бастамаларын және кандидатураларын өзара қолдауға келісті.
  42. Ислам ынтымақтастық ұйымының күн тәртібіндегі мәселелер және ИЫҰ-ға қарасты мекемелер, соның ішінде Қазақстанда орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы (IOFS), Түркияда орналасқан Ислам елдерінің статистика, экономикалық және әлеуметтік зерттеулер мен білім беру орталығы (SESRIC), Ислам тарих, өнер мен мәдениетін зерттеу орталығы (IRCICA), Ислам ынтымақтастығы жастар форумы (ICYF), Ислам елдерінің стандарттар және метрология институты (SMIIC) және ИЫҰ Экономикалық және сауда ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комитеті (COMCEC) аясында ынтымақтастықты дамытуға және тұрақты консультациялар өткізуге келісті.
  43. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін  толыққанды ұйымға айналдыру жөніндегі Қазақстан төрағалығының бастамасын біртіндеп жүргізуге, сондай-ақ оның әлеуетін бірлесіп дамытуға ниетті екендерін білдірді.
  44. Өзара маңызды жаһандық мәселелер бойынша пікір алмасып, ұстанымдарының бір-біріне сәйкес келетінін қанағаттанушылықпен атап өтті.
  45. Орталық Азиядағы өзара түсіністік пен тату көршілік қарым-қатынастарды қолдап, өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақты дамуға үлес қосу және өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтудың екі тараптың мүддесіне сай келетінін атап өтті.
  46. Ауғанстанда бейбітшілікті, тұрақтылықты және өркендеуді қамтамасыз ету үшін ауған халқының саяси және этникалық тұрғыдан барлық алуан түрлілігін қамтитын инклюзивті басқару түсінігін орнықтырудың маңыздылығын атап өтіп, бұл елдегі тұрақтылықты орнатуда халықаралық күш-жігерге үлес қосу мақсатында ауған халқына жан-жақты көмек көрсетуді жалғастыруға ортақ бейілділігін қуаттады.
  47. Екі мемлекет арасында соңғы жылдары қол қойылған үкіметаралық келісімдердің күшіне енуі үшін қажетті ішкі келісу рәсімдерін ағымдағы жылы ішінде аяқтау, халықаралық келісімдердің күшіне енуі және іске асырылуы тұрғысындағы уағдаластықтарын растады.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия Республикасының Президенті Реджеп Тайип Ердоғанға және барша түрік халқына қазақстандық делегацияға көрсетілген қонақжайлылығы мен ыстық ықыласы үшін алғысын білдірді және Түркия Республикасының Президентін 2022 жылғы 12-13 қазанда Нұр-Сұлтан қаласында өткізу жоспарланған АӨСШК Саммитіне шақырды.

АӨСШК Саммиті аясында Жоғары деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің 4-ші отырысын Нұр-Сұлтан қаласында өткізуге келісті.

Тараптар осы Бірлескен мәлімдемеге 2022 жылғы 10 мамырда Анкара қаласында қазақ және түрік тілдерінде қол қойды.

 

           Қасым-Жомарт Тоқаев                                                          Реджеп Тайип Ердоған

Қазақстан Республикасының Президенті                      Түркия Республикасының Президенті

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің