Түрікменстан, Аваза Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстанға жұмыс сапары аясында Сердар Бердімұхамедовпен кездесті. Мемлекет басшысы ықыласпен қарсы алып, қонақжайлық танытқаны үшін Түрікменстан Президентіне алғыс айтты. Сондай-ақ достыққа, тату көршілікке және өзара қолдауға негізделген қазақ-түрікмен қарым-қатынасының жоғары деңгейде екенін атап өтті. Кездесуде тараптар ықпалдастықтың барлық бағытында оң динамика байқалатынына тоқталды. Мемлекеттер басшылары бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды, сондай-ақ энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және басқа да салалардағы бірлескен перспективті жобаларды жүзеге асыру барысын талқылады. Бұдан бөлек, мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтуге баса назар аударылды. Сонымен қатар алдағы бірлескен іс-шаралар кестесі қарастырылды.