Жаңа Конституция мемлекеттік басқару жүйесінің құрылымын өзгертіп қана қоймай, мемлекет пен азамат арасындағы қарым-қатынастың жаңа философиясын қалыптастырды. Адам құқықтары мен бостандықтары ең жоғары конституциялық құндылық ретінде бекітілді, «Заң мен тәртіп» және «Әділетті Қазақстан» қағидаттары мемлекеттік саясаттың негізгі бағдарына айналды. Комиссияның жаңартылған құрамдағы алғашқы отырысында аталған қағидаттарға назар аударылды. Комиссия төрағасы Жақып Асанов жаңа Ата заң аясында Адам құқықтары жөніндегі комиссияның жауапкершілігі едәуір арта түсетінін атап өтті. Оның айтуынша, Комиссия – адам құқықтары саласындағы өзекті мәселелерді талдау және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау бағытындағы конституциялық кепілдіктерді жетілдірудің маңызды тетіктерінің бірі. Сондай-ақ Ж.Асанов Мемлекет басшысы адам құқықтары мен бостандықтары ең жоғары конституциялық құндылық әрі бүкіл мемлекеттік аппарат қызметінің басты бағдары екеніне бірнеше рет тоқталғанын жеткізді. Осы ұстаным бойынша Комиссия мемлекеттің қазіргі даму кезеңіне сай озық әрі тиімді шешімдер ұсынуы қажет.