National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Вице-Президент


Вице-Президент этносаралық келісімді нығайту мәселелері жөнінде республикалық кеңес өткізді

Ақордада Вице-Президент Ерлан Қариннің төрағалығымен этносаралық келісімді одан әрі нығайту, сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясында айтқан бастамалары мен тапсырмаларын іске асыру мәселелеріне арналған республикалық жұмыс кеңесі өтті.

Жиынға Бас прокуратураның, Президент Әкімшілігі құрылымдық бөлімшелерінің, Қазақстан Халық Кеңесі Хатшылығының, Сыртқы істер, Ішкі істер, Әділет, Мәдениет және ақпарат, Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің басшылары қатысты.

Ең алдымен, жиында Мемлекет басшысының Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясының ашылуында жүктеген міндеттерін орындау мәселелері қаралды. Ерлан Қарин қоғамда Президенттің негізгі ұстанымдарын ілгерілету бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру барысын айрықша бақылауға алу қажет екеніне назар аударды.

– Конституцияда айқындалған құндылықтар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағдарының мағыналық өзегін құрайды және қоғамдық тұтастықты нығайтудың берік негізін қалыптастырады. Осы тұрғыда этносаралық және конфессияаралық келісімнің конституциялық құндылық ретінде маңызы айрықша. Бұлар – мемлекеттің тұрақты дамуының негізі. Сондықтан аталған құндылықтарды қоғамдық санада орнықтырып, кеңінен насихаттау мақсатында жүйелі әрі тұрақты жұмыс жүргізілуі қажет, – деді Ерлан Қарин.

Сондай-ақ Вице-Президент Қазақстан Халық Кеңесінің Хатшылығы азаматтардың этносаралық келісім, қоғамдық диалог және өңірлерді дамыту мәселелеріне қатысты сұраныстарын жинақтап, оларды топтастыратын орнықты қоғамдық алаң қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс басталғанын атап өтті.

– Президент Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың сабақтастығын, дәстүрі мен озық тәжірибесін сақтау туралы нақты міндет жүктеді. Қазақстан Халық Кеңесінің Хатшылығы бұл бағыттағы ұйымдастырушылық жұмысты жетілдіруде негізгі рөл атқарады, – деді Ерлан Қарин.

Бұдан кейін жиында этносаралық және конфессияаралық келісімді конституциялық құндылық ретінде орнықтыру мәселесі қаралды.

Ерлан Қарин жаңа Конституция қабылданып, негізгі билік институттарының қалыптасуына байланысты заманауи әрі серпінді мемлекеттік-саяси модельге көшу үдерісі жүзеге асқанын атап өтті. Оның айтуынша, ішкі саясаттағы маңызды бағыттардың бірі – қоғамда Конституцияда бекітілген мемлекеттік қағидаттар мен жалпыұлттық құндылықтарды орнықтыру. Оның ішінде Заң және Тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету, ұлт бірлігін нығайту айрықша маңызға ие.

– Мемлекет басшысы атап өткендей, елімізде тіліне, ұлтына, дiни көзқарасы мен наным-сеніміне қарай немесе өзге де себептерге байланысты кемсітуге болмайды. Сондықтан қоғамның бірлігіне нұқсан келтіретін кез келген әрекетке мемлекет «Заң және Тәртіп» қағидаты аясында қатаң тосқауыл қояды. Қоғам да жауапкершілік пен парасаттылық танытуы керек. Тіл, этносаралық қатынастар, дін сияқты сезімтал мәселелер төңірегінде шамадан тыс эмоцияға беріліп, пікір таластыру қоғам бірлігінің идеологиялық негіздеріне белгілі бір деңгейде зардабын тигізуі мүмкін екенін түсінгені абзал, – деді Ерлан Қарин.

Сонымен қатар кеңес барысында «Заң және Тәртіп» қағидатын, «Таза Қазақстан» жобасын, «Адал азамат» тәрбие бағдарламасын жүйелі әрі нақты іске асыру мәселелеріне назар аударылды. Ерлан Қариннің айтуынша, Президенттің аталған бастамаларының мән-маңызы бір-бірімен байланысты әрі жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруға бағытталған өзара сабақтас дүниелер.

– Бүгінде елімізде жалпыұлттық күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша орнықты қоғамдық консенсус қалыптасқан. Ал қоғамда ара-тұра болып тұратын түрлі резонансты жағдайлар көбіне жекелеген азаматтардың қарапайым әдеп нормаларын сақтамауынан әрі өзгелерге құрметтің жоқтығынан туындайды. Сондықтан қазіргі таңда жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру және ілгерілету аса маңызды, – деді Вице-Президент.

Ерлан Қарин бұл бағыттағы жұмыстың тиімділігі мемлекеттік органдар қызметін тұрақты үйлестіруді және қоғамдық институттармен өзара жүйелі іс-қимылды талап ететінін еске салды.

Вице-Президент кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға өзара іс-қимылдың әлдеқайда тиімді тетігін қалыптастыру және этносаралық келісімді одан әрі нығайту үшін жұмыс тәсілдерін жетілдіруді тапсырды.


Кері қайту Кері қайту X Facebook Басып шығару