Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин саясаттанушылар, әлеуметтанушылар және саяси шолушылардан құралған сарапшылар тобымен жұмыс кездесуін өткізді.
Жиынға Марат Шибұтов, Гүлмира Илеуова, Андрей Чеботарев, Талғат Қалиев, Мәдина Нұрғалиева, Ғазиз Әбішев, Қазбек Майгелдинов, Жұлдызай Ысқақова, Әділ Сейфуллин, Сырым Итқұлов, Жанар Төлендинова қатысты.
Мемлекеттік кеңесші Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары мен тапсырмаларының іске асырылу барысы, сондай-ақ ішкі саяси жұмысты жүйелеу, жаңа регламенттер мен рәсімдерді енгізу, цифрлық құралдарды кеңінен қолдану жөнінде айтты.
Ерлан Қарин жүзеге асырылып жатқан реформалардың барлығы қоғамдық құндылықтар жүйесін кешенді түрде жаңғыртуға және жаңа мемлекеттік-саяси модельді қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті.
Сондай-ақ қатысушылар ішкі саясаттың өзекті мәселелерін, соның ішінде жаңа конституциялық қағидаттарды және құндылықтарды ілгерілетудің практикалық тетіктері мен құралдарын талқылады.
Кездесу соңында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин сарапшыларға Президенттің жеке арнау сөзі жазылған жаңа Конституцияның арнайы басылымын салтанатты түрде табыстады.