National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Король Филипп БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өткізді

2026 жылғы 12 қазан

Мемлекет басшысы Бельгиялықтар Королі мен Патшайымының Қазақстанға жасаған тарихи мемлекеттік сапары екіжақты қарым-қатынастың жаңа парағын ашатынын және қос халық арасындағы достықты нығайта түсетінін атап өтті.

– Аса мәртебелі Король, Сіздің парасатты әрі батыл басшылығыңыздың арқасында Бельгия өзінің бірегей саналуандығын сақтаған әрі әлемге ашық ел ретінде белгілі болып отыр. Халқыңызға адалдығыңыз бен Бельгиядағы түрлі қауым арасындағы өзара түсіністікті нығайту жолындағы табанды еңбегіңіз Тәждің ынтымаққа бастар рөлін айқындайды. Осы күрделі кезеңде адами қадір-қасиеті биік, перзенттік парыздың парқын сезінетін тұлға екеніңізді көрсеттіңіз. Бұл ерекше сенім ұялатады әрі зор құрметке лайық. Ұзақ жылдар бойғы достығыңызға және Қазақстанмен байланыстарды нығайту ниетіңізге ризамын. Бүгін осы ықпалдастықты тереңдетуге бірлесе үлес қосатынымызға қуаныштымын. Сіздің күш-жігеріңіз бен қолдауыңыздың арқасында ынтымақтастығымыздың келешегіне үлкен үмітпен әрі сеніммен қараймыз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев емен-жарқын достық рәуіште әрі сындарлы сипатта өткен нәтижелі келіссөздердің қорытындысына тоқталды.

– Біз Қазақстан мен Бельгия арасындағы көпжақты серіктестікті күшейтуге бейіл екенімізді растадық. Елдеріміз арасында қандай да бір саяси қайшылық немесе шешілмеген мәселе жоқ. Бұл барлық бағытта ынтымақтастықты кеңейтуге берік негіз қалайды. Экономикалық ықпалдастық серіктестігіміздің негізгі тірегі болып қала береді. Бельгия Қазақстанның жетекші инвестициялық серіктестерінің қатарына кіреді. Сіздің елдің 2005 жылдан бері экономикамызға құйған инвестиция көлемі 15 миллиард доллардан асты. Көлік-логистика, аса маңызды минералдар, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, биотехнология, цифрландыру және ғарыш технологиялары салаларында ықпалдастықты жандандырып, жаңа мүмкіндіктерді қолға алуға уағдаластық. Тарихи сапарға бельгиялық жетекші компания өкілдері қатысуда. Бұл Бельгияның еліміздің экономикалық әлеуетіне зор сенім артатынын көрсетеді. Үкімет тарапынан Бельгия инвесторларының Қазақстанда қызмет аясын кеңейтуіне және жаңа перспективті жобаларды іске асыруына қолайлы жағдай жасалады. Оның толық әрі уақтылы орындалуын өзім қадағалап отырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, ертеңге жоспарланған Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесі, Ректорлар форумы және аса маңызды материалдар бойынша дөңгелек үстел ортақ мақсаттар мен нақты нәтижелерге қол жеткізетін маңызды алаң болмақ. Аталған іс-шаралардың қорытындысы бойынша серіктестікті дамытуға тың серпін беретін ондаған келісім мен құжатқа қол қойылады.

Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдеріне мәдени-гуманитарлық салада қол жеткізілген уағдаластықтар жөнінде әңгімеледі.

– Елдеріміздің университеттері, музейлері мен мәдени мекемелері арасында тікелей байланыс орнатуға, сонымен қатар бірлескен білім беру бағдарламаларын дамытуға және академиялық тәжірибе алмасуға ниетті екенімізді растадық. Джеймс Энсордың танымал туындыларын Қазақстанның Ұлттық музейінде таныстырған бельгиялық серіктестерімізге алғысым шексіз. Сондай-ақ Almaty Museum of Arts пен KANAL-Centre Pompidou арасындағы ынтымақтастықты ілгерілетуді қолдаймын. Ол Бельгияның шығармашылық әлеуетін және мәдени саланы дамытуға ұмтылысын көрсетеді. Аталған бастамалар Бельгияның бай көркем мұрасымен танысуға, халықтарымыздың бір-бірімен жақын араласуына жол ашады. Қызметтік паспорт иелерін виза талаптарынан босату жөніндегі келісімге өзгерістер енгізудің арқасында барыс-келісімізді біршама жеңілдетуге қол жеткіздік. Бүгін қабылданған Бірлескен мәлімдеме ортақ міндеттерге сай келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Президент тараптардың халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқанын айтты.

– Қазақстан мен Бельгия халықаралық құқық нормаларын сақтауға, көпжақты ықпалдастықты нығайтуға және қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеуге бейіл. Жаһандық ахуал құбылып тұрған қазіргі кезде диалог, өзара сенім мен жауапты дипломатия ерекше өзекті. Жуырда менің Брюссельге сапарым аясында Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы стратегиялық серіктестіктің маңызды екенін растадық. Ол арнайы келісімде бекітілді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы осы минуттарда Брюссельдің орталық алаңы Гран-Пласта, қалалық ратуша ғимаратының алдында алғаш рет Қазақстанның Мемлекеттік Туы көтерілгенін атап өтіп, ыстық ықыласы мен символикалық мәнге ие құрметі үшін бельгиялық әріптесіне алғыс айтты.

– Бельгияның «L’union fait la force» деген ұлттық ұраны қазақтың «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген тәмсілімен мағыналас. Біздің достығымыз осы ортақ құндылықтарға негізделген. Аталған мемлекеттік сапар Қазақстан-Бельгия қарым-қатынасын ілгерілетуде бетбұрысты сәт болатынына сенімдімін. Қазақстан халқы Сіздің мейірімді, бекзат әрі парасатты болмысыңызды әрдайым құрмет тұтады, – деді Президент.

Король Филипп ілтипатпен қарсы алғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, соңғы отыз жылда елдеріміз берік әрі мызғымас байланыс орнатқанын атап өтті.

– Президент мырза, Сіз Брюссельге келген кезіңізде бізді еліңізге мемлекеттік сапар жасауға шақырған едіңіз. Бұл ұсынысты бірден қабыл алдық. Сапарымыз Қазақстан тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында өтіп жатқанына қуаныштымын. Осы үш күн ішінде елдеріміз арасындағы ынтымақтастыққа жол ашатын мүмкіндіктермен жақын танысамыз. Мәдени байланыстардың арқасында достығымыз одан әрі беки береді. Ал сапарымыз аясында Қазақстанның бай мұрасы мен төл дәстүріне көзайым боламыз, – деді Бельгиялықтар Королі.

Король Филипптің айтуынша, Бельгия Қазақстан экономикасына қаржы құйған ірі инвесторлардың бірі саналады. Қазақстан нарығында бірқатар бельгиялық компания жұмыс істейді. Ол алдағы Қазақстан – Бельгия іскерлік кеңесі отырысына көп үміт артатынын жеткізді.

Сондай-ақ Бельгиялықтар Королі Қазақстанның халықаралық аренада беделі артып келе жатқанына және экономиканың барлық саласында қарқынды өсім байқалатынына назар аударды.

– Еліңіздің әлемдік аренадағы орны нығайып келеді. Жуырда ғана халқыңыз мемлекеттің жаңа мақсат-міндеттерін айқындаған конституциялық реформаны қолдады. Бүгінде Қазақстан ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрді қастерлейтін, барлық жағынан заманауи қоғам құрып отыр. Жоғары білімді азаматтардың, орта таптың көптігі және озық инфрақұрылымның арқасында елдеріңіз болашақтың сын-қатерлеріне төтеп беруге әзір. Қазақстан цифрландыру саласында көш бастап тұр, әсіресе, жасанды интеллект бағытында бірегей шешімдер әзірлеуде. Alem.AI орталығына барып, елдеріміз арасындағы синергияны ілгерілету мүмкіндіктерін талқылауға қызығушылық танытып отырмыз, – деді ол.

Бұдан бөлек, Король Филипп Қазақстанның бай тарихымен және мәдениетімен жақын танысуға ниетті екенін жеткізді.

– Астана мен Алматының көрікті жерлері мен музейлерін аралап, Алтын Орда дәуірінен тамыр тартатын тарихпен тіл қатысуға асықпын. Бельгия делегациясымен бірге Абай шығармаларында айрықша суреттелген, қазақтың ұлттық ерекшеліктерін паш ететін табиғи және мәдени қазынамен танысуға құштармыз. Қазақ елі қонақжайлығымен мәшһүр. Елдеріңіз қоғамның ынтымақ-бірлігін өз ішінде ғана емес, аймақтық және халықаралық деңгейде нығайтуға белсенді түрде үлес қосып келеді. Осы бағытта Қазақстан әрдайым маңызды рөл атқарады, – деді ол.

Бельгиялықтар Королі сөз соңында көрсетілген сый-құрмет үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа тағы да алғыс айтты.

– «Шаңырағыңыз биік болсын!». Мен бұл сөзді дұрыс айттым деп ойлаймын. Қазақстанға мемлекеттік сапарымыздың мәнін аталған тілек толығымен ашады. Отбасы бірлігі мен ұрпақтар сабақтастығын, ырыс пен несібені, бейбіт өмір мен жылы ұяны осы бірауыз сөзге сыйдыруға болады, – деді Король Филипп.


Кері қайту Кері қайту X Facebook Басып шығару

Заңдар

2026 жылғы 06 қазан

Мемлекет басшысы «Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы Еуропа конвенциясын ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды


Жоғары мәртебелі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Аса мәртебелі Бельгиялықтар Королі Филипптің бірлескен мәлімдемесі

2026 жылғы 12 қазан

Жоғары мәртебелі Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Аса мәртебелі Бельгиялықтар Королі Филипптің бірлескен мәлімдемесі

Жарлық

2026 жылғы 12 қазан

Барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы


Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің