National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Президент Еуразиялық даму банкінің басқарма төрағасы Николай Подгузовты қабылдады

2023 жылғы 26 қаңтар

Кездесу барысында Мемлекет басшысына Еуразиялық даму банкі (ЕДБ) жұмысының нәтижелері және Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру жоспары, сондай-ақ банктің алдағы кезеңге арналған болжамдары жөнінде мәлімет берілді. Биыл банк елімізге 1,1 миллиард доллардан аса қаржы құюға және халықаралық инвестициялардың қазақстандық жобаларға тартылуына ықпал етуге ниетті. Көлік инфрақұрылымы және логистика, өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені, жасыл энергетика және су ресурстары секілді салаларға басымдық беріледі.

Николай Подгузов былтыр Еуразиялық даму банкі Қазақстанға құйылған инвестиция мөлшерін 2021 жылмен салыстырғанда 5 есе өсіріп, 1,2 миллиард долларға жеткізгенін, барлық жоспарлы көрсеткіштерді асыра орындағанын айтты.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына еларалық интеграциялық жобалардың жүзеге асырылу барысы жөнінде баяндалды. Атап айтқанда,  Аягөз – Бақты теміржол желісінің және Қазақстан мен Қытай арасындағы шекара өткелінің құрылысы, сондай-ақ Астрахань – Маңғышлақ су құбырын жаңғырту сияқты жобалар.

Бұдан бөлек, Президентке ЕДБ басқарма төрағасы биыл 15-17  мамыр күндері Алматыда өтетін Азия-Тынық мұхиты аймағының даму институттары қауымдастығының (ADFIAP) кездесуіне дайындық барысын баяндады. Жиынға әлемнің 40 елінен 80-нен астам даму институты, сондай-ақ халықаралық құрылымдар, Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің салалық министрліктері қатысып, еліміздің және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің экономикасына инвестиция құю мәселелерін талқылайды.  

Қасым-Жомарт Тоқаев интеграциялық үдерістерде Еуразиялық даму банкінің белсенді рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, банктің инфрақұрылымды жаңғырту және салу жөніндегі жобаларға қатысуы Қазақстан экономикасының дамуына айтарлықтай  үлес қосады.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің