National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Астана, Қазақстан

Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысты

2026 жылғы 19 қыркүйек

Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жастармен және экобелсенділермен бірге Президент саябағының аумағында ағаш екті.

Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына қатысушылар алдында сөз сөйледі. Президент аталған іс-шараға белсене атсалысып келе жатқан азаматтарға шынайы ризашылығын білдірді.

– Мен осындай игі іске өз үлесін қосып жүрген жастарды нағыз отаншыл азамат деп санаймын. Себебі Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік өз үйіңнен, өз ауылың мен қалаңнан бастау алады. Халқымызда «Бір тал кессең, он тал ек» деген сөз бар. Өнегелі сөз деп айтсақ, артық болмас. Табиғатты аялау, қоршаған ортаға қамқор көзбен қарау – ұлтымыздың болмысында бар асыл қасиет. Бұл – бабаларымыздың бізге қалдырған өсиеті әрі аманаты. Ал жаңа Конституциямыз бойынша осы көзқарас пен іс-шаралар азаматтық міндет болып саналады. Сондықтан біз жаппай бір ел болып бастаған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының қоғамдық және тарихи мәні айрықша. Біз экологиялық мәдениеті жоғары ел болуымыз керек. Тағы да атап өтейін: бұл – мемлекетіміздің Конституциясында айқындалған аса маңызды міндет. «Таза Қазақстан» – жарқын болашағымыздың кепілі. Бұл – жай ғана ұран емес, бұл – шын мәнінде, еліміздің тазалығы өркениетті болашаққа апаратын даңғыл жол деген сөз, – деді Мемлекет басшысы.

Іс-шара барысында Президент жауапты мемлекеттік органдар басшыларының есебін тыңдады.

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елорданы кешенді түрде көріктендіру мен көгалдандыру жұмыстары туралы баяндады. Шаһар басшысының айтуынша, соңғы жылдары Астанада 500-ге жуық аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылды, жыл соңына дейін 170-тен астам аула мен қоғамдық орын, соның ішінде парктер, гүлзарлар мен бульварлар ретке келтіріледі.

Мемлекет басшысына Есіл өзенінің бойында қоғамдық және рекреациялық кеңістіктердің бірыңғай жүйесі қалыптасып келе жатқаны туралы мәлімет берілді. Осы жұмыстар аясында қаланың түрлі бөлігіндегі парктер, серуен және спорт аумақтары тұтас жасыл белдеуге біріктіріледі.

Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы жүзеге асырыла бастаған кезден бері 2 мыңнан астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылғанын баяндады. Оның аясында 3,8 миллион тонна қоқыс жиналып, 10 мыңдай қоқыс төгетін орын жойылған.

Президент саябағынан кейін Мемлекет басшысы «Мыңжылдық» аллеясы мен Greenline желілік паркінің екінші кезеңіндегі абаттандыру жұмыстарымен танысты.

Президент Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке ғимараттардың қабырғасына граффити салатын адамдарға қатысты қатаң шара қолдануды тапсырды. Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздің қалаларында бұған жол бермеу керек, сондай-ақ әлемде вандализм мен бұзақылықтың сорақы көрінісі саналатын, қоғамдық орындарды бүлдіретін «шығармашылықтың» мұндай түріне толық тыйым салатын заңдық-нормативтік шаралар қабылдаған жөн.

Президент сөзінің толық нұсқасымен осы сілтеме арқылы танысуға болады.


Кері қайту Кері қайту X Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің