National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік хатшы


 «Қазақ халқы мен оның ата тегіне орай антропологиялық очерктер» атты кітаптың тұсаукесері өтті

Бүгін ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор  Оразақ Смағұловтың «Қазақ халқы мен оның ата тегіне орай антропологиялық очерктер» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Шара Халықаралық Түркі академиясының жаңа ғимаратында ұйымдастырылды. Түбі бір туысқан түркі халықтардың тарихы, тілі, әдебиеті, қазыналы мұрасының  зерттелуіне, заман талабына сай жаңғыруына үлкен үлес қосып келе жатқан академия жаңа ғылыми еңбектің шығуына мұрындық болған.

Мемлекеттік хатшы өз сөзінде бұл жинақ – шежірелі тарихымызды түгендеп, туысқандық жүйемізді зерделеген толымды туынды екенін атап өтті.

– Бұл еңбек ел шежіресі мен жер шежіресінің үндестігін айшықтауымен, қасиетті жеріміздің аумақтық тұтастығы ел-жұртымызбен кіндіктес екенін айғақтауымен,  ұлттық қауіпсіздігіміз бен мемлекеттік мүддемізге рухани қорған қызметін атқаруымен аса құнды, – деді Қырымбек Көшербаев.

Іргелі зерттеу ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысөзімен,  қазақ, орыс, түрік, ағылшын тілдерінде жарыққа шықты. Мұнда жұртымыздың бес мың жылдық нәсілдік тегінің ұланғайыр даламен тығыз сабақтастықта екендігін дәлелдейтін ғылыми дәйектер келтірілген. Сондай-ақ халқымыздың нәсілдік желісін, туысқандық өрісін кешенді саралаған ғылыми еңбекте, бауырлас елдердің ататек тарихы, туысқандық байланыстары жайында тың деректер де бар.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару