Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарындағы кадр саясаты мәселелері жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 3 сәуірдегі № 537 Жарлығымен құрылды.
Комиссияның негізгі міндеті «Мемлекеттік билік органдары жүйесіндегі кадр саясатының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 31 шілдедегі № 290 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын және босататын және (немесе) онымен келісу бойынша тағайындалатын және босатылатын, Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуы бойынша сайланатын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша тағайындалатын және босатылатын мемлекеттік саяси қызметшілер, лауазымды және өзге де адамдар лауазымдарының тізбесінде көзделген құқық қорғау органындағы лауазымдарға орналасуға үміткер адамдарды тағайындау туралы ұсынуларды қарау және Қазақстан Республикасының Президентіне немесе мемлекеттік органдардың (ведомстволардың) бірінші басшыларына ұсыныстар дайындау болып табылады.
Өзінің негізгі міндеттерін шешу мақсатында Комиссия:
1) Комиссияның құзыретіне жататын мәселелер бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдардан қажетті ақпарат пен материалдарды белгіленген тәртіппен сұратуға және алуға;
2) Комиссияның құзыретіне жататын мәселелер бойынша мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдардың өкілдерін шақыруға және тыңдауға;
3) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша өзге де функцияларды жүзеге асыруға құқылы.
Комиссия құрамына Комиссияның төрағасы, Комиссия хатшысы және мүшелері кіреді. Комиссия отырыстары қажеттігіне қарай тікелей, сырттай қатысу форматында немесе ойлайн-форматта өткізіледі.
Егер Комиссияның тізімдік құрамының кемінде үштен екі бөлігі қатысса, оның отырысы заңды деп саналады.
Комиссияның жұмыс органы – Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының Құқық қорғау жүйесі бөлімі.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарындағы кадр саясаты мәселелері жөніндегі комиссияның құрамы:
Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары, төраға;
Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі, хатшы;
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры;
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы;
Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының құқықтық саясат саласындағы жұмысты үйлестіретін орынбасары;
Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы;
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі;
Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы;
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі;
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің төрағасы (келісім бойынша).