National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Ақорда

Мемлекет басшысы Астана қаласындағы №96 мектеп-гимназияны аралап көрді

2023 жылғы 15 желтоқсан

Президентке білім ошағындағы оқу-тәрбие жұмыстарының барысы таныстырылды. Бұл мектеп жемқорлардан тәркіленген қаржыға салынды. Биыл пайдалануға берілген гимназия елорданың сол жағалауындағы басқа мектептердің жүктемесін азайтуға септігін тигізді. Қазір мұнда 1466 оқушы білім алады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа қоғамдық-гуманитарлық бағытта білім беретін мектеп-гимназияның оқу үдерісі туралы баяндалды. Оқушыларға ағылшын, француз тілдерімен қатар, қытай тілі де оқытылады.

Мектеп директоры Сәуле Теменованың айтуынша, мұнда инклюзивті білім беруге баса назар аударылған. Бұл ретте әр оқушыға жеке оқу бағдарламасы әзірленген. Сондай-ақ инклюзивті қолдау, емдік дене шынықтыру және бейіналды даярлау кабинеттері бар.

Бүгінде мектеп-гимназияда арнаулы білім беруді қажет ететін 28 бала оқиды. Сонымен қатар мектепте цирк, қыш өнері, балет үйірмелері жұмыс істейді.

Мемлекет басшысы мектеп-гимназияның спорт залын, роботты техника кабинетін аралап көріп, оқушылармен әңгімелесті.

– Роботты техника – перспективті сала. Мен сіздерді қолдаймын. Қазір әлем жасанды интеллектіге баса мән беріп отыр. Оның ішінде Қазақстан да бар. Бұл – өте маңызды бағыт. Жасанды интеллект келешекте әрбір салада пайдаланылады. Сондықтан Қазақстан осы істе озық ел болуы керек деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент №96 мектеп-гимназияның педагогикалық ұжымымен жүздесіп, мемлекет ұстаздардың мәртебесін одан әрі көтеруді жалғастыра беретінін айтты.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына елорданың білім беру жүйесі жайында баяндалды. Астана қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев биыл 16 мың оқушыға арналған 12 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отырғанын жеткізді. Бүгінге дейін 7 мектеп ашылған. Жыл соңына дейін тағы 5 жаңа мектеп іске қосылмақ.

Сонымен қатар басқарма басшысы Президенттің Астана қаласында педагогикалық жоғары оқу орнын ашу жөніндегі тапсырмасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.  

 

 

 

 


Кері қайту Кері қайту X Facebook Басып шығару

Заңдар

2026 жылғы 05 қараша

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Пәкістан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы кеден істеріндегі ынтымақтастық және өзара әкімшілік көмек туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды

2026 жылғы 10 қараша

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды

Жарлық

2026 жылғы 03 қараша

Ә.Ж. Жанасова туралы


Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің