National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік хатшы


Мемлекеттік хатшы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу шарасына қатысты

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы Қырымбек Көшербаев Мемлекеттік комиссия мүшелерімен бірге АЛЖИР мұражай-мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қойды.

Рәсімге қатысушылар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын «бір минут үнсіздікпен» еске алды.

Сондай-ақ шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев  қатысты.

Мұражай-мемориалдық кешенін аралау барысында Қырымбек Көшербаев мұражайдың ғылыми-зерттеу және экспедициялық жұмысына ерекше назар аударды. Сонымен қатар әйгілі АЛЖИР лагерінің тұтқындарын, одан бөлек, республика аумағындағы лагерлерде жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды, олардың отбасы мүшелерін ақтау Мемлекеттік комиссияның бір жұмыс тобының міндеті екенін атап өтті.

Мемлекеттік хатшы айтқандай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған мемлекеттік комиссияның қызметі тарихты зерделеу мен архивтік зерттеулер жүргізу жөніндегі кешенді жұмыстың негізінде жүзеге асырылады. Мемлекеттік комиссияның қызметін ұйымдастыру шеңберінде жобалық офис, екі кіші комиссия, 11 жұмыс тобы және 17 өңірлік комиссия құрылып, жұмыс істеуде.

Жұмыс топтары мен өңірлік комиссиялардың ғалымдары мен сарапшылары жабық архив материалдарына рұқсат алып, белсенді зерттеу жұмысына кірісті. Оның тиімділігін қамтамасыз ету үшін базалық әдіснама бекітілді, жұмыс топтарының тақырыптық жоспарлары қалыптастырылды, жергілікті жерлерде архив құжаттарын іздеу және зерделеу мәселелері бойынша кездесулер өткізіледі.

Қорытындылай келе, Мемлекеттік хатшы мемлекеттік комиссияның қызметі, ең алдымен, жазықсыз зардап шеккен саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын мәңгі есте қалдыру және тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жөніндегі үлкен тарихи миссия, оның бұрынғы және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік екенін айтты.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару