National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Құқықтық актiлер


Жарлықтар

Қазақстан Республикасы Вице-Президентінің өкілеттіктері туралы

2026 жылғы 05 қыркүйек

Қазақстан Республикасы Конституциясының 49-бабының 3-тармағына және «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңға сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қазақстан Республикасының Вице-Президенті:

1) мемлекеттің ішкі және сыртқы саясаты саласындағы стратегиялық сипаттағы бастамаларды әзірлеуді қамтамасыз етеді және оларды Қазақстан Республикасының Президентіне ұсынады;

2) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен, сондай-ақ саяси партиялармен, қоғамдық бірлестіктермен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде Президент атынан өкілдік етеді;

3) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша халықаралық іс-шараларға қатысады;

4) Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің хатшылығын басқарады;

5) Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының қызметіне жетекшілік етеді;

6) Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссияның; Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияның; Мемлекеттік символдар мен ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалардың геральдикасы жөніндегі республикалық комиссияның; Шетелде кадрларды даярлау жөніндегі республикалық комиссияның; Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның; Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссияның; Жастар саясаты жөніндегі кеңестің қызметін қамтамасыз етеді;

7) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

2. Осы Жарлықпен белгіленген өкілеттіктерді іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Вице-Президенті:

1) өкім шығаруға;

2) өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдарға тапсырма беруге;

3) Қазақстан Республикасы Құрылтайының, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қазақстан Халық Кеңесінің, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың отырыстарына қатысуға;

4) өз құзыретіне жататын мәселелер бойынша мемлекеттік органдардан және лауазымды адамдардан қажетті ақпаратты, құжаттарды және басқа да материалдарды сұратуға және алуға;

5) өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті қойған өзге де міндеттерді шешу үшін Қазақстан Республикасы Президенті актілерінің жобаларын әзірлеу үшін ведомствоаралық жұмыс топтарын құруға құқылы.

3. Қазақстан Республикасы Вице-Президентінің қызметін ұйымдық-құқықтық, ақпараттық-талдамалық және өзге де жағынан Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі қамтамасыз етеді деп белгіленсін.

4. Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір актілеріне енгізілетін, қоса беріліп отырған өзгерістер осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес бекітілсін.

5. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы белгіленген тәртіппен осы Жарлықтан туындайтын шараларды қабылдасын.

6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының

                 Президенті                                                                     Қ.Тоқаев

 

Астана, Ақорда, 2026 жылғы 5 қыркүйек

             № 1452

 


Кері қайту Кері қайту X Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің