Құрметті жиналған қауым!
Ең алдымен, кәсіби мереке баршаңызға құтты болсын дегім келеді.
Бұл – мән-мағынасы ерекше оқиға. Себебі ауыл шаруашылығы – ел экономикасы үшін стратегиялық маңызы айрықша сала.
Бүгін де жыл сайынғы дәстүрге сай мемлекетіміздің аграрлық ахуалын талқылау үшін арнайы жиналып отырмыз.
Алқалы жиынға еліміздің әр аймағынан келген білікті мамандар, диқандар, шаруалар, бір сөзбен, еңбек адамдары қатысып отыр.
Сондықтан бұл форумды жалпыұлттық ауқымдағы нағыз елдік басқосу десек те қате болмас.
Ең алдымен, қазір сөз сөйлеп, өз көзқарасымен бөліскен азаматтарға, инвесторларға алғыс білдіремін.
Су ресурстарын үнемдеу, жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану, ауыл еңбеккерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту және басқа да өзекті мәселелерге қатысты мазмұнды пікірлер, ұтымды ұсыныстар айтылды.
Үкімет және құзырлы министрлік осы мәселенің бәрін міндетті түрде назарға алуы керек.
Баршаңызға мәлім, бүгінде ауыл шаруашылығы мамандары ауыл әлеуетінің артуына, тұтас мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне мол үлес қосуда. Сіздер ата кәсіпті абыроймен атқарып, ұлтымыздың игілігін еселеп жүрсіздер.
Ауа райы қолайсыз болғанына қарамастан, биыл да ел қамбасы астыққа толды. Күзгі жиын-терінде еліміз бойынша 24,5 миллион тонна дақыл жиналды.
Егіннің бітік болуы – молшылық пен тоқшылықтың кепілі. Бұл – еліміздегі әр шаңырақ ырысқа кенеліп, дастарханымыз берекелі болады деген сөз. Мен бүгін диқандар қауымына және осы салада еңбек етіп жүрген барша азаматқа алғыс айтамын.
Қазақта «Еңбек төрге оздырады» деген сөз бар. Шын мәнінде, өз ісін адал атқарып, міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын азаматтардың арқасында еліміз өсу, өрлеу дәуіріне қадам басып келеді.
Біз жасампаз әрі озық ойлы ұлт болып әрдайым алысқа көз тігеміз, ел мүддесі үшін тек қана биік мақсаттарға ұмтыламыз. Мемлекет басшысы ретінде осы мақсатқа адал болу – мен үшін қастерлі парыз. Биылғы Жолдауымда көрініс тапқан «Халықтық құрылыс» бағдарламасы соның айқын дәлелі екені сөзсіз. Бұл – құт қонған қазақ даласы енді ауқымды құрылыс аумағына айналады деген сөз.

Алдымызда тұрған құрылыс жоспары – шын мәнінде, оның ауқымы тұрғысынан алып қарасақ, айбынды әрі бірегей. Еліміздің барлық аймағында емхана, аурухана, балабақша, мектеп, мәдениет және спорт ғимараттары, яғни, халқымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға арналған аса маңызды әлеуметтік нысандар бой көтереді. Сапалы жолдар төселеді, атом, су, электр станциялары, деректерді өңдеу орталықтары салынады. Осылайша, мемлекетіміздің тұрпаты мен келбеті, экономикамыздың құрылымы айтарлықтай өзгеретініне күмән жоқ.
Бір мезетте бүкіл саланы және барлық аймақты қамтитын дәл осындай өте ауқымды құрылыстың ел тарихында бұрын-соңды болмағанын сіздер жақсы білесіздер.
«Халықтық құрылыс» халқымыздың қолдауына ие болатын, ұлт дамуына кең жол ашатын жоба болмақ. Жалпыұлттық жобаға өндіріс орындары да, отандық кәсіпкерлер де белсене атсалысады. Жаңа жұмыс орындары пайда болады, азаматтардың табысы артып, тұрмыс сапасы жақсарады. Түптеп келгенде, «Халықтық құрылыстың» игілігі мен жақсылығын Қазақстанның әрбір азаматы, әсіресе, өскелең ұрпақ өкілдері көреді. Сондықтан біз «Құрылыс және тағы да құрылыс» сөзін отаншылдық ұраны етіп, біртұтас қоғамымыздың мүддесі үшін Әділетті Қазақстанның әр кірпішін бірге қалаймыз. Мен бұған кәміл сенемін.
«Халықтық құрылыс» деген атауында тұрғандай, бұл жоба халықтың игілігін көздейді, барлық азаматты жасампаз іске жұдырықтай жұмылдырады.
Бұл – шын мәнінде келешек ұрпақтың қамы үшін қолға алған жалпыұлттық міндет.
Құбылмалы әрі тұрақсыз әлемнің күрделі сын-қатерлеріне біздің лайықты жауабымыз – «Құрылыс және тағы да құрылыс!».
Геосаяси және экономикалық ахуал бұлыңғыр жағдайда мемлекетіміздің, ел азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің анағұрлым дұрыс, қисынды жолы осы екеніне сенімдімін.
Осы мазмұны терең бағдарлама аясында ауыл-аймақтарға, шаруалар мен агроөнеркәсіп кешендеріне қажетті инфрақұрылым салынады.
Жалпы, соңғы жеті жылда ауыл шаруашылығы саласында жемісті нәтижелерге қол жеткіздік. Азық-түлік өндірісі 28 пайызға өсті. Жалпы құны 2,7 триллион теңге болатын 1 630 инвестициялық жоба іске қосылды. Агроөнеркәсіп өнімдері экспортының көлемі екі есе ұлғайып, 7 миллиард долларға жуықтады. Соның ішінде өңделген өнім үлесі 52 пайызға жетті.
Былтыр елімізде соңғы жиырма жылдың ішінде алғаш рет ауыл шаруашылығына қатысты ұлттық санақ жүргізілді. Санақ кезінде цифрлық технологиялар қолданылды.
Нәтижесінде ауыл шаруашылығының жай-күйі туралы жан-жақты әрі нақты мәлімет алынды. Осы саланың шынайы ахуалын көрсететін толыққанды деректер жиналды.
Жалпы, еліміздің ауыл шаруашылығындағы әлеуеті зор. Басты міндет – қолда бар мүмкіндікті тиімді пайдаланып, уақытты созбай, белсенді түрде жұмысқа кірісу керек. Осы орайда, алдымызда тұрған нақты мақсат-міндеттерге тоқталып өтейін.

Бірінші мәселе. Ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру үшін оларға тиісті жағдай жасау қажет. Бұл – дұрыс. Алайда соңғы жылдары ауыл шаруашылығына қатысты «аттары бөлек, бірақ заттары бірдей» бағдарламалар тым көп болып кеткен сияқты.
Мәселен, қазірдің өзінде «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі», «Кең дала», «Береке», «Жайлау», «Игілік», «Сыбаға» және тағы басқа бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр.
Әрине, әр жоба осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін жазылады. Бірақ сол жұмыстың бәрі қаншалықты тиімді жүзеге асырылып жатыр? Меніңше, бұл – заңды сұрақ.
Бізге бағдарламаның саны емес, ауыл шаруашылығының сапалы дамығаны керек. Сондықтан Үкімет ауыл мен аграрлық секторды қолдау үшін дайындалған осындай құжаттарға жан-жақты талдау жүргізуге тиіс.
Әр бағдарламаның өз мақсаты мен міндеті болуы қажет. Ең бастысы, бұл жұмыс шаруаларға түсінікті болып, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етуі керек. Бұл мемлекет қаржысын үнемдеу қажеттілігіне тікелей байланысты мәселе. Жалпы, бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр.
Тиісті министрліктің мәліметі бойынша тек былтырдың өзінде «Ауыл – ел бесігі» бастамасымен 500-ге жуық ауылда 921 жоба жүзеге асырылды. Олардың жалпы құны – 173 миллиард теңге. Бұдан бөлек, 277 елді мекенде сумен жабдықтау жүйесі жаңғыртылды.
Енді осы жұмыстың нәтижесін тексеру керек сияқты. Неге мен бұл мәселені арнайы қозғап, қазбалап айтып тұрмын? Себебі бұрын бәріміз адамдарды қуантатын «керемет, тіпті мінсіз» ақпаратты көп тыңдадық. Соның бәріне қуандық. Сосын дұрыс статистикалық мәлімет берілмеді деп сылтау тауып, мәселені «алыс сөреге» ысырып қоя салатын едік. Біз мұндай жағдайға жол бермеуіміз керек.
«Халықтық құрылыс» бағдарламасы ауыл-аймақтардың одан әрі дамуына жаңаша серпін беруге тиіс. Бұл орайда ауылдардың өсіп-өркендеуіне үлес қосып, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кәсіпорындарға айрықша назар аудару қажет. Әсіресе, ірі шаруа қожалықтары орналасқан аудандардағы инженерлік желілерді жетілдіріп, олардың сапалы жұмысына қажетті кіреберіс жолдар салу керек.
Тағы бір маңызды мәселе – ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту.
Елімізде «Ауыл аманаты» бағдарламасына бүгінге дейін 150 миллиард теңге қаржы бөлінді. Соның арқасында ауылдарда 22 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Әрине, бұл – жақсы көрсеткіш. Бірақ басты мәселе – сол 22 мың жұмыс орны қазіргі таңда сақталды ма? Қалай десек те, осы жобаның аясын әлі де кеңейте түсу қажет.
Мен бұған дейін цифрлық сауда алаңдарының және банктер мен логистикалық компаниялардың мүмкіндіктері ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлері үшін қолжетімді болуы керек деп нақты айттым. Енді осы жұмысты тиімді ұйымдастырып, өнімдерді тұтынушыға жеткізу жолын айқындайтын нақты келісімшарттар жасау керек. Жалпы, шағын шаруашылықтары бар аудандарда өнімді қабылдайтын және сақтайтын орталықтар құру қажет. Мұндай инфрақұрылым барлық өндірушіге бірдей қолжетімді болуға тиіс.
Сонымен қатар мен Жолдауда ауыл шаруашылығы саласына цифрлық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні кеңінен енгізу қажет екенін айттым. Бүгінде озық шешімдердің игілігін көріп отырған шаруа қожалықтары аз емес.
Мысалы, Солтүстік Қазақстанда осындай кәсіпорындар бар. Атап айтқанда, «Ақселеу» шаруашылығы өндірісті цифрлық басқару және жер серігі арқылы бақылау жүйелерін енгізді. Есепке алу жұмысы да автоматты түрде жұмыс істеп жатыр. Шаруашылық ауыл-аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға да ерекше көңіл бөліп отыр. Мәселен, тұрғындар орталықтан жылыту жүйесімен және таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Кәсіпорын мектепке, спорт кешеніне және басқа да әлеуметтік нысандарға тұрақты түрде қолдау көрсетуде.
Осылайша, цифрландырудың арқасында ауыл шаруашылық өндірісінің тиімділігі, оның бәсекеге қабілеті артып, жалпы ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасы жақсаруда. Сондықтан басқа да шаруа қожалықтары осы мүмкіндіктерді өз аймақтарында қолданғаны жөн деп санаймыз.

Екінші. Агросекторға қолжетімді әрі ұзақмерзімді қаржыландыру көзі қажет. Бұл жөнінде бірнеше мәрте айттық.
Аграрлық кредиттік корпорация мен «ҚазАгроҚаржының» қолданыстағы инвестициялық құралдары өтінімдерді ұзақ қарайды әрі рәсімделу тәртібі қиын, сондай-ақ цифрландыру жағы жеткілікті деңгейде емес.
Сондықтан Үкімет «Бәйтерек» холдингімен және қаржы нарығын реттеуші органмен бірлесіп 2027 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін агросекторға арналған инвестициялық құралдардың бірыңғай тізбесін ұсынғаны жөн.
Екінші деңгейлі банктер ауыл шаруашылығын кредиттеуге белсенді атсалысуы керек. Бұл жөнінде де ұдайы айтып жүрміз. Әлбетте, оңай шаруа емес. Өйткені банктер – жекеменшік.
Осы ретте кредитті шаруаларға қолайлы шартпен ұзақ мерзімге беру қажет.
Қарызды өтеу кестесінде нақты өндіріс циклі ескерілуге тиіс және инвестициялық кезеңде негізгі берешектің төлемін кейінге шегеру мүмкіндігі болғаны жөн. Әрине, мұны тілек қана емес, тапсырма деп түсініңіздер. Бәріміз бір елде тұрамыз, бір ауамен тыныстаймыз, бір жердің суын ішеміз. Сондықтан табыста аса үлкен алшақтық болмауы керек. Қаржы көздеріне қолжетімділік туралы түсінікте де айырмашылық болмағаны жөн.
Фермерлер кредиттің алғашқы төлемін жабу үшін егінін жинап бола сала, өнімін арзан бағаға сатып жіберуге мәжбүр. Бұған жол беруге болмайды. Үкімет пен министрлік осы мәселені шешуге кірісуі керек. Шаруалар да мемлекетіміз көптеген, соның ішінде көрші елдермен салыстырғанда ауыл шаруашылығы саласына орасан зор қаржы құйып жатқанын түсінуге тиіс. Мұнда масылдыққа орын жоқ. Яғни бөлінген қаражат мақсатқа сай тиімді жұмсалуы керек.
Сайып келгенде, аграрлық шаруашылықтың табысты болуы – мемлекет пен халықтың мүддесіне толық сай келеді. Осы түсінікке арқа сүйейміз.
Сонымен қатар қаржыландыруға өтінім беруден бастап оны алуға дейінгі әуре-сарсаңды азайтып, рәсімдерді барынша оңтайландыру қажет. Бұл бұрыннан келе жатқан мәселе. Проблеманың шешімі оңай көрінгенімен, қайталауға тура келіп тұр. Басқаша айтқанда, шаруалардың кредитті өтеу қабілетін бағалайтын цифрлық модель енгізу керек.
Біз ауыл шаруашылығына жасанды интеллектіні енгізу туралы жиі айтып жүрміз. Жуырда ЖИ саласындағы жаһандық жетекші компаниялардың басшыларын қабылдадым. Олар бізге агросекторға жасанды интеллектіні енгізу мәселесімен айналысу жөнінде кеңес берді. Өйткені әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігінің келешегіне қатысты болжамдар, өкінішке қарай, мәз емес. Қазір Эль-Ниньо деп аталатын табиғи құбылыстың салдарына кешенді талдау жүргізілуде. Жорамалдар көңіл көншітпейді. Бірақ Қазақстан бұл жағдайда үлкен артықшылыққа ие. Яғни орайлы сәтті пайдаланып, аталған салаға жасанды интеллектіні енгізу арқылы алға озуға және әлемдік ауқымдағы азық-түлік қорын қалыптастыруға мүмкіндігі бар. Осы істі неге қолға алмасқа? Меніңше, бұл міндетті бірінші кезекте Үкіметтегі осы мәселемен айналысатын блокқа жүктеу керек.
Мұндай құрал кредит беру туралы шешімнің объективтілігі мен ашықтығын қамтамасыз етіп, өтінімдерді қарау мерзімін және әкімшілік кедергілерді қысқартады.
Жалпы, бізге жасанды интеллект ауыл шаруашылығының өнімділігін еселеуге қалай көмектесетінін зерделеу керек.
Әрине, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру үшін қаржы құралдарын белсенді әрі тиімді қолданған жөн. Ал саланың өнімділігі ойдағыдай емес. Оны мойындағанымыз дұрыс.
Үкіметке халықаралық қаржы ұйымдарымен бірге арнайы бағдарлама әзірлеу міндеті жүктелді. Құжатта әлемдегі озық тәжірибе де ескеріледі.
Бағдарламада ұзақмерзімді шартпен қаржы тарту, техникалық және сараптамалық қолдау көрсету, заманауи технологиялар мен озық ғылыми әзірлемелерді қолданысқа енгізу тетіктері қарастырылуға тиіс.
Тағы бір өзекті мәселе – агросақтандыру жүйесін жетілдіру. Қуаңшылық, үсік және мал ауруы жылдар бойғы маңдай тер, табан ақыны желге ұшыруы мүмкін.
Жергілікті климат жағдайына сеніп, жайбарақат отыруға болмайды. Бұл әуел бастан тиімсіз стратегия. Шығынды үнемі бюджеттен өтеу де проблеманы шешпейді.
Сондықтан Үкімет Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп аталған нарықты дамыту жөнінде нақты ұсыныстар беруі керек.
Сонымен қатар шаруаларды тәуекелдерден алдын ала ерікті түрде сақтануға ынталандыратын шаралар қарастыру қажет.

Үшінші мәселе. Алдымызда тұрған тағы бір маңызды міндет – мал шаруашылығын дамыту.
Мемлекет бұл салаға нақты қолдау көрсетіп келе жатыр.
Кейінгі жылдарда ата кәсіппен айналысатын бизнес өкілдеріне несие беру көлемі ұлғайды. Асыл тұқымды мал сатып алуға баса назар аударылатын болды. Жаңа фермалар мен бордақылау алаңдары салынып жатыр. Мәселен, былтырдан бері 71 тауарлы сүт фермасы іске қосылды, 33 бордақылау алаңы салынды. Енді осы өндіріс орындарының тиімді әрі тұрақты жұмыс істеуі үшін қажетті жағдай жасау керек.
Шаруашылықтарды сапалы жем-шөппен қамтамасыз еткен жөн.
Дайын өнімді өткізу мәселесі де шешімін табуға тиіс.
Жайылымдардың өнімділігін қалпына келтіруге және егістік көлемін ұлғайтуға ерекше көңіл бөлген абзал.
Су көздері де шаруа қожалықтары үшін қолжетімді болуы керек.
Бұған қоса, ветеринария саласын жаңғыртуға айрықша мән беру қажет.
Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының ұйғарымына сәйкес, Қазақстан ящур ауруынан таза аймақ ретінде танылды. Бұл – ет және басқа да мал шаруашылығы өнімдерін сыртқы нарыққа шығару үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады деген сөз. Соны тиімді пайдалану керек. Мал басын есепке алу жүйесін жетілдіріп, зертханалық диагностиканың сапасын арттыру қажет.
Үкімет өнімдерді экспортқа шығаруға кедергі келтіретін тосқауылдарды жоюға тиіс.
Төртінші. Егін шаруашылығындағы өнімділікті арттыру маңызды.
Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі осы стратегиялық салаға тікелей тәуелді. Бұл белгілі жайт. Сондықтан біз үшін егіннен мол өнім алу және әр гектарға шаққанда оның өзіндік бағасын төмендету өте маңызды. Бұл түйткілді шешу жолы түсінікті деп ойлаймын.
Еске сала кетейін, бұған егістіктің рационалды құрылымы, сапалы тұқым, қолжетімді тыңайтқыш, ғылыми дәлдікке негізделген егіншілік және суды үнемді пайдалану есебінен жетуге болады.
2023 жылдан бері бидайдың бітік шығуына тәуелділікті азайтып, пайдасы әлдеқайда жоғары дақылдардың үлесін көбейту бағытында жоспарлы жұмыс жүріп жатыр.
Топырақ пен климат жағдайын, сондай-ақ өңдеуші кәсіпорындардың сұранысын ескере отырып, егістікті әртараптандыруды одан әрі жалғастырған жөн.
Биыл диқандарымыздың минералды тыңайтқыш пайдалану деңгейі алғаш рет ғылыммен негізделген қажетті мөлшердің 65 пайызына жетті. Бұл – ауыз толтырып айтарлықтай жетістік. Бірнеше жыл бұрын аталған көрсеткіш небары 20 пайызды құраған еді.
Сонымен бірге отандық тыңайтқыш өндірісін дамытудың маңызы зор. Қазір пайдаланып жүрген тыңайтқыштың жартысына жуығы шеттен келеді. Жағдайды бұлай қалдыруға болмайды. Бұл жөнінде талай айттық.
Қазір Түркістан облысында фосфорлы тыңайтқыштар шығаратын зауыт салынып жатыр.
Маңғыстау облысында еліміздегі алғашқы аммиак-карбамид кешенінің құрылысы жоспарланған. Үкімет те осындай жобаларға қолдау көрсетеді.
Тағы бір міндет – суармалы егіншіліктің тиімділігін арттыру. Бұл аса маңызды мәселе әлі күнге шешімін таппай келеді. Осы тақырып төңірегінде қызу пікірталас жүріп жатыр.
Қазіргі таңда 700 мың гектар суармалы алқапта су үнемдеу технологиясы қолданылады. Бұл жалпы ауданның жартысына да жетпейді. 2030 жылға дейін кемінде 1 миллион 300 мың гектар жерді қамту міндеті тұр.
Мәселенің өзектілігін ескере отырып, Үкіметке аталған шаруаны тұрақты күн тәртібіне енгізуді, яғни, күнделікті жұмыс ретінде қарауды тапсырамын.
Бүгінде 4,6 мың шақырым суару арнасын реконструкциялау мен жөндеу жұмыстары басталды. Мың шақырымға жуығы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 200 мың гектар суармалы жердің жағдайы жақсарады.
Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, суармалы жерлерді кеңейту жоспарын су жеткізу мүмкіндіктерімен, арналардың жағдайымен және энергия желілерінің қуатымен ұштастырғаны абзал.
Егін шаруашылығының әлеуетін толық пайдалану үшін озық ғылыми тәсілдер мен заманауи технологияларды енгізуге күш салуымыз керек.
Өздеріңізге мәлім, жер қателікті көтермейді. Бірақ аялап, ұқыпты қараса, көл-көсір пайдаға кенелтеді. Мұны сіздер жақсы білесіздер.
Мемлекет туған жерінің өркендеуіне үлес қосатын, ауылдастарының игілігін ойлайтын адал фермерлер мен іскер шаруаларға әрдайым қолдау көрсетеді.
Алайда жерден пайда тауып жүргенімен үлкен қалада немесе шетелде тұратын бизнесмендер де бар. Олар тіпті өздерінің шаруашылықтарына бармайды, көбіне әлеуметтік жауапкершілік танытуға құлықты емес, отандастарына жаны ашымайды, адамдардың мұң-мұқтажын түсіне бермейді. Осы орайда заңды сауал туады. Бізге жер қадірін білмейтін, халықтан алыс, ауыл шаруашылығын тек пайда табудың жолы ретінде қарастыратын адамдар қажет пе? Меніңше, жауабы анық. Қажет емес. Ендеше заң жүзінде шаралар қабылдау керек.
Бұл салада кәсіппен айналысатындардың бәрі, ең алдымен, ауылдағы тұрмыс сапасын жақсартуды ойлауға тиіс.
Аграрлық сектор – мемлекетіміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігіне ықпал ететін негізгі факторлардың бірі. Әсіресе, тұрақсыз заманда оның өзектілігі арта түсті.
Қазір келесі жылға және одан кейінгі орта мерзімді кезеңге арналған әлемдегі климат ахуалы жайында түрлі болжамдар жарияланып жатыр. Климаттық күн тәртібі геосаясатпен және экономикамен тығыз байланысты.
Мәселен, климаттың күрт нашарлап бара жатқанына және алдағы қуаңшылыққа байланысты алаңдаушылық жиі айтылады. Ауыл шаруашылығына жасанды интеллектіні енгізуге байланысты пікірімде осыған тоқталдым.
Кейбір сарапшылардың пікірінше, 2027 жыл өте ыстық болуы мүмкін. Ауа райындағы ауытқулар қуаңшылыққа, өртке, су тасқынына душар етуі, соның салдарынан жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі күрделеніп, әлемдік жеткізу тізбегі бұзылуы ықтимал.
Ауыл шаруашылығын дамыту және су ресурстарын басқару ісінде біз осындай қауіп-қатерлердің бәрін ескеруіміз керек. Біз бұл мәселені енді қолға алып жатырмыз. Бірақ жүрісіміз баяу. Өйткені еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ең маңызды міндет.
Астанада Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясында азық-түлік қауіпсіздігімен айналысатын халықаралық ұйымның штаб-пәтері орналасқан.
Салалық министрлік аталған ұйыммен бірге әлемдегі күрделі ахуалды ескере отырып, Қазақстанға және біздің серіктестерімізге арналған ұсынымдар әзірлей алады.

Бесінші мәселе. Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу ісін дамытуға баса мән беру қажет. Бұл мәселе бойынша көп әңгіме айтылып жатыр.
Соңғы үш жылда елімізде азық-түлік өндірісі 15 пайызға жуық өсті. Соның ішінде өсімдік майын өндіру көлемі 36 пайызға, ал, ет және сүт өнімдерін өндіру 25 пайызға артты. Бұл – жақсы көрсеткіш. Енді осы қарқынды сақтап, өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін барынша күшейту қажет.
Тағам өнеркәсібі саласындағы жобаларды жедел саралап, жүзеге асыру керек. Бұл жобалар азық-түлікпен қамтамасыз ету ісінде импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ жаңа өндіріс нысандарын инженерлік желілерге уақтылы қосу өзекті мәселе болып отыр.
Жалпы, Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, осы салаға қолдау көрсетудің бірыңғай тәртібін әзірлеуге тиіс. Сонымен бірге оның нақты жолдарын, қаржыландыру көздерін анықтап, мерзімдерін бекіту маңызды.
Бірақ бұл істе қағазбастылық әлі бар, оны мойындауымыз керек.
Мен Жолдауда мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялар жариялаған сатып алу үдерістеріне шағын және орта бизнестің қатысу мүмкіндігін кеңейту жөнінде нақты міндет қойдым.
Бұл үдеріс, әсіресе, тағам өнеркәсібіне серпін беруі қажет. Сондықтан ұзақмерзімді келісімшарттар әзірлеу, тиімсіз талаптарды қысқарту және отандық өндірушілерге тең жағдай жасау мәселелері шешімін табуға тиіс.
Әрине, мұның бәрі өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды қатаң сақтай отырып жүзеге асырылуы керек. Жалпы, алдағы уақытта да мемлекет бұл салаға қолдау көрсетеді. Бүгін айқындалған мақсаттардың ауқымы өте кең.
Қалай десек те, ең алдымен, біз ортақ мүдде жолында бір ел болып еңбек етсек, оның бәріне қол жеткізетініміз анық.
.jpg)
Құрметті жиынға қатысушылар!
Көп ұзамай халқымыз ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығын атап өтеді.
Бұл – мемлекетіміздің тарихи өсіп-өркендеу жолындағы аса маңызды белес.
Осы кезеңде біз талай қилы жолдан аман-есен өттік.
Берекелі бірлігіміздің арқасында көптеген сынақты абыроймен еңсердік.
Мемлекеттігімізді нығайттық, халықаралық абырой-беделімізді күшейттік.
Біз Қазақстанды бәсекеге қабілетті озық ел ретінде дамыту үшін әлі де белсенді әрі табанды жұмыс істей береміз.
Әрине, осы кезге дейін бәріміз жұрт болып жұмылып, біраз шаруа атқардық.
Өскелең ұрпақ алдындағы жауапкершілікті терең сезіне отырып, ауқымды реформаларды жүзеге асырдық.
Наурыз айында өткен жалпыұлттық референдумда мемлекетіміздің төлқұжаты – Конституциямызды қабылдадық.
Мұны ұлтымыздың тағдырына тікелей әсер еткен тарихи шешім болды десек, артық болмас.
Конституцияда Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, жалпыұлттық бірлігімізді күшейту мемлекетіміздің негізгі қағидаттары болып бекітілді.
Адам капиталын, білім-ғылымды, инновацияны дамыту конституциялық мәні бар стратегиялық міндет деп танылды.
Біз ұлт Конституциясында «Заң мен Тәртіп» қағидатын халқымыздың аса маңызды құндылығы деп айқындадық.
«Заң мен Тәртіп» – мен үшін Әділетті Қазақстанды құру жолындағы басты ұстаным.
Түптеп келгенде, ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер дәл осы қағидатқа негізделеді.
Өйткені заң үстемдік етпесе, қоғамда тәртіп болмаса, ешқандай реформаның нәтиже бермесі айдан анық.
Мемлекет қазынасына ауыз салу, Конституцияның талаптарын аяққа таптау – елге жасалған ең ауыр қастандық. Сондықтан біз қоғамдық дерттің бәріне, соның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы батыл күрес жүргіземіз.
Ешқандай жоғары награда, керемет білім және мол тәжірибе заңға қайшы әрекет жасаған кезде кешірім жасауға негіз болмайды.
Кешегі табысың емес, бүгінгі жұмысың бағаланады. Сол орынға қаншалықты лайық екеніңді нақты нәтиже және ісіңе жауапкершілікпен қарау арқылы көрсете аласың.
Президент ретінде менің адамдарға көзқарасым атқарған ісіне қарай қалыптасады. Менің тарапымнан ешқандай артық немесе шамадан тыс талап қойылмайды: тәртіпті бұзбасаң, адал болсаң, жинақы жүріп, мемлекет мүддесіне қиянат жасамасаң болғаны. Бұл – барлық лауазымды тұлғаларға қойылатын қарапайым, орынды талап. Оны мүлтіксіз орындау қажет.
Талай рет айттым, тағы да еске саламын: Конституцияда «Заң мен Тәртіп» бұлжымас қағидат ретінде бекітілді және атақ-абыройына, қоғамдағы орнына қарамастан азаматтардың бәріне бірдей қолданылады.
Барлық деңгейдегі басшылар конституциялық құндылықтарды терең түсініп, оны іс жүзінде ұстануға тиіс, сондай-ақ Әділетті Қазақстан құру идеясын шынайы ниетпен қабылдағаны жөн.
Алдымызда ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын үнемі айтып жүрмін. Мемлекет пен халықтың игілігі үшін жұмыс істеу зор мәртебе, әр азаматқа бұйыра бермейтін бақ. Сондықтан мұндай іске салғырт қарау шын мәнінде ұлт мүддесіне зиян келтіретін кереғар әрекет.
Бір қарағанда, тәртіпті бұзбауға, «Заң мен Тәртіп» қағидатын сақтауға және өз жұмысыңа жауапкершілікпен қарауға не кедергі болуы мүмкін? Бұл – барша мемлекеттік қызметші мен отаншыл азаматтың бойынан табылуға тиіс қасиет. Сонда ғана жұртшылықтың ықыласына бөленіп, азаматтардың шынайы алғысын аласыздар.
Мемлекет шетелдік инвестицияны көтермелеу, бизнестің белсенділігін ынталандыру және инвестициялық ахуалды жақсарту саясатын жалғастырады. Бұл арада қандай да бір күтпеген өзгерістер болуы мүмкін емес.
Біздің стратегиялық бағдарымыз – қолайлы инвестициялық орта қалыптастыру, елімізде кедергісіз бизнес жүргізуге мүмкіндік беретін институттық негізді нығайту. Бұл жөнінде халыққа арнаған Жолдауымда айттым. Бизнеске заңсыз кедергі жасау – мемлекетке қарсы қылмыс.
Біз табыс пен игілікке жеке адамдар емес, институттар кепілдік беретін мемлекет құрып жатырмыз. Еліміздегі оң өзгерістердің түпкі мәні де – осы: адамдардың тұрмыс сапасы біреудің біреуге бүйрегі бұрғанына, қандай да бір шенеуніктің көңіл-күйіне тәуелді болмай, керісінше, еңбекқорлық, талант, отаншылдық секілді объективті критерийлерге сүйенуі керек.
«Халықтық құрылыс» бағдарламасы, жемқорлықпен жаппай күрес, мемлекеттік басқару жүйесіндегі реформа, қоғамда жаңа жасампаз құндылықтарды орнықтыру – мұның бәрі үлкен жолдың басы ғана.
Алдымызда әлі көптеген іс пен биік белестер күтіп тұр. Осыған дейін айтқанымдай, ел дамуына қатысты ортамерзімді және одан кейінгі перспективаға арналған ойларым мен жоспарым бар. Мемлекетіміздің Егемендігін, Тәуелсіздігін қорғауға қатысты кейбір мәселе түбегейлі шешімін таппады. Мен ол жөнінде халыққа арнаған Жолдауымда айтқанмын. Тоқмейілсіп, бейқам жүрудің жөні жоқ. Мұны жақсы түсінуіміз керек.
Менің ойымша, Мемлекет басшысының міндеті – жүйелі әрекет ету, діттеген мақсаттан айнымау, ел тағдырындағы маңызды шешімдер үшін жауапкершілік арқалау.
Еліміздегі өзгерістердің қарқын алғаны қуантады. Ол енді тоқтамайды. Сондықтан халықтың әл-ауқаты мен ұлттық мүддені қара басының қамынан жоғары қоятын нағыз мемлекетшіл тұлғалар қажет.
Шынайы отаншылдық адамдарға қамқорлықтан көрінеді, кейінгі ұрпаққа не қалдырамыз деген салмақты сауалмен өлшенеді.
Бақ-дәулет келеді де кетеді, ал соңыңда жасаған ісің мен жақсы атың қалады. Соның бірі – ертең адамдар, келер ұрпақ игілігін көретін әлеуметтік инфрақұрылымдар.
Қоғамда заң үстемдігі салтанат құруы үшін сенімді тірек керек, яғни, адамдардың өзегі мықты, моральдық принциптері мықты болғаны жөн.
Дәл осы себепті жаңа қоғамдық этика қалыптастыру және «Таза Қазақстан» тұжырымын дәріптеу өте маңызды. Өйткені тек айналамыздан ғана емес, азаматтарымыздың ниет-пиғылынан, сөзінен және іс-әрекетінен тазалық сезіліп тұруға тиіс.

Қайталап айтамын: ешкім де заңнан биік емес.
Бұл талап, әсіресе, «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру кезінде қатаң сақталуы қажет. Осы мәселемен айналысатын арнайы комиссия өз жұмысын бастайды.
Мына нәрсені әрдайым қаперде ұстаған жөн. Кім қылмыс жасайды, сол міндетті түрде жазасын алады. Кім өз жұмысына салғырт қарайды, сол орнынан босатылады.
Жоғары лауазым – ең алдымен, жоғары жауапкершілік деген сөз. Халықтың тағдырына әсер ететін шешімдерді қабылдайтын адамның ниеті, ойы, қолы таза болуы керек. Әрине, біз азаматтардың елге сіңірген еңбегін жоққа шығармаймыз.
Бірақ кешегі жетістігін бұлдап, арқаны кеңге салып жүруге кімнің болса да, хақы жоқ.
Мен үшін адамның шыққан тегі, лауазымы емес, нағыз іскер болғаны маңызды. Жалпы, іскерлік – мемлекеттік билік жүйесіне ғана емес, барлық салаға қажет дағды.
Халқымыз «Ердің атын еңбек шығарады» деп бекер айтпаған. Түптеп келгенде, ерлік жасау – елдік мұратқа қызмет ету деген сөз.
Ұлт мүддесіне мінсіз және адал қызмет ететін азаматтарға әрдайым құрмет көрсетіледі. Бұл – Әділетті Қазақстанның мызғымас қағидаты.
Қазір осы жерде жұртқа жанашыр, нағыз адал азаматтар отыр. Мемлекет сіздерді әрдайым қолдайды, еңбектеріңізді жоғары бағалайды. Баршаңызға тағы да алғыс айтамын.
Бүгін мен ауыл шаруашылығы саласын дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойдым.
Құтты болсын!






