National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Қырымбек Көшербаев Әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысты

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы Қырымбек Көшербаев Алматыдағы Әл-Фараби халықаралық орталығында Әл-Фарабидің мерейтойлық жылының қорытынды шараларына қатысты. Шара аясында белгілі ғалым-фарабитанушы Ақжан Машанидің бюстін ашу салтанаты, бірегей «Әл-Фараби» энциклопедиясының тұсаукесері және еліміздің жетекші фарабитанушы ғалымдарымен кездесу өтті.

Мемлекеттік хатшы танымал ғалым Ақжан Машанидің бюстінің ашылу салтанатында сөйлеген құттықтау сөзінде адамзаттың Екінші ұстазы Әбу Насыр Әл-Фарабидің Қазақстан аумағындағы Отырарда, бір кездері Фараби деп аталған Қазақстан мен Орталық Азияның ежелгі мәдени орталығында, дүниеге келгенін ғылыми тұрғыдан бүкіл әлемге дәлелдеген қазақстандық фарабитану мектебінің негізін қалаған тұлғаның ерекше үлесін атап өтті. Осыдан жарты ғасыр бұрын ЮНЕСКО аясында Әл-Фарабидің 1100 жылдығына арналған халықаралық форумды Қазақстанда өткізу туралы шешімнің қабылдануы қазақстандық ғалымның баға жетпес еңбегінің мойындалуының тағы бір көрінісі болды. Бұл жиын 1975 жылы Алматы қаласында өтті.

Кездесуді ашқан Қырымбек Көшербаев Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойының кейбір қорытындыларын шығарып, пандемияға қарамастан қазақстандық фарабитанушы ғалымдар мен ғылыми қауымдастықтар ұлы ғалымның мұрасын ел ішінде және бүкіл әлемде кеңінен насихаттап, дәріптеу үшін көптеген жұмыс атқарғанын айтты.

Мерейтойлық іс-шараларға қатысуға халықаралық қоғамдастық және академиялық ұйымдар кең ауқымда тартылды, олардың ішінде БҰҰ мен ЮНЕСКО, ИЫҰ, ТҮРКСОЙ, дипломатиялық миссиялардың өкілдері, сондай-ақ шетелдік жетекші фарабитанушы ғалымдар бар. Шетелдегі Қазақстанның Елшіліктерімен және Әл-Фараби орталықтарының қолдауымен және жетекші шетелдік университеттермен бірлесіп – Оксфорд университеті, А.Джавахарлал Неру университеті, Стамбұл университеті, Каподистри атындағы Афина ұлттық университеті, София университеті, Дамаск университеті, Египет университеті және басқа университеттердің қатысуымен бірқатар халықаралық конференциялар өткізілді. Әл-Фарабидің мерейтойы Үндістан, Сингапур, Малайзия және Индонезияда аталып өтті. Халықаралық іс-шараларға әлемнің 50 елінен 5 мыңнан астам адам қамтылды, олардың ішінде АҚШ, Германия, Франция, Жапония, Қытай және т.б. мемлекеттер бар.

Республикада онлайн режимде 26-дан астам конференция, дөңгелек үстелдер мен ғылыми семинарлар өтті. Мәселен, әлеуметтік желілерде ашық алаңда «Парасаттылық сағаты» жалпыұлттық акциясы, «Әл-Фараби және қайырымды қоғам» атты видеодәріс және «Екінші Ұстаз» онлайн веб-семинарлар сериясы өтті. «Қайырымды қоғам» челленджіне әлемнің 7 елінен келген шетелдік студенттермен қоса, Қазақстандағы жоғары оқу орындарының 14 мыңға жуық студенті қатысты. «Әл-Фараби» халықаралық пәндік олимпиадасына алыс және жақын шетелдердің 10 елінен 9,5 мыңнан астам мектеп оқушысы қатысты. Олимпиада жеңімпаздарына Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқу үшін 39 білім гранты бөлінді.

Сонымен қатар, Әл-Фарабиге арналған 7 монография, Әл-Фарабидің дәйексөздер жинағы, сонымен қатар «Қайырымдылық» ойлары мен нақыл сөздер жинағы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрді. Әл-Фарабидің бұрын жарияланбаған үш трактаты араб тілінен қазақ тіліне аударылды.

Кездесу аясында әлемде тұңғыш рет жарық көрген «Әл-Фараби» энциклопедиясының тұсаукесер рәсімі өткізілді. Бұл іс-шара дөңгелек үстел форматында қазақтың ұлы ақыны, ойшыл Абайдың 175 жылдығына орай ашылған Абай залында өтті.

Шара соңында Қырымбек Көшербаев қазақстандық ғалымдарға қажымас ғылыми ізденістері үшін алғысын білдіріп, оларға жаңа табыс және отандық ғылым мен Қазақстанның игілігі үшін зор жетістік тіледі.

Мемлекеттік хатшы Алматыға жұмыс сапары барысында биыл туғанына 185 жыл толған алғашқы қазақ ғалымы, тарихшы, этнограф, фольклортанушы, саяхатшы, ағартушы және шығыстанушы Шоқан Уәлихановтың ескерткішіне гүл шоғын қойды.

Осы күні Қырымбек Көшербаев ғалымдардың шағын ортасында көрнекті отандық ғалымдарды, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академиктерін: қоғам қайраткері, абайтанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметовті және тұңғыш қазақ антропологы, ұлттық антропология мектебінің негізін қалаушы, тарих ғылымдарының докторы Оразақ Исмағұловты 90 жылдық мерейтойларымен құттықтады. 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару