National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Мемлекеттік кеңесші


Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың «Кейкі Көкембайұлы. Өмірі мен өлімінің тарихы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда сөйлеген сөзі

Қадірлі зиялы қауым!

Құрметті конференцияға қатысушылар!

Бүгін біз киелі Торғай топырағында Қазақ елінің баһадүрі, халық арасында «Кейкі батыр» атанып кеткен Нұрмағамбет Көкембайұлының күрескерлік өміріне арналған маңызды іс-шарада бас қосып отырмыз.

Өздеріңіз білесіздер, биыл Қазақстан Үшінші жаңғыру үдерісін бастады. Экономикалық өрлеу және саяси реформалармен қатар қоғамдық сананы, ұлт жадын ісімізден оза отырып жаңғырту жалғасуда. Онсыз ең басты елдік мұратты жүзеге асыру – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқан «мықты әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас ұлт болу», ұлттық бірегейлікті сақтап, әлемдегі озық 30 мемлекет қатарына қосылу мүмкін емес. Бұл орайда бүгінгідей шаралар – халық санасын серпілтіп, ұлт рухын көтеру бағытындағы ілкімді істердің көрінісі.

Қазақ тарихында Құланқыпшақ Кейкі – әділдік пен шындық үшін күрескен бұғаусыз хас батыр, ақиқаттың алдаспаны ретінде қалды. Оның есімі ұлттың ұлы батырлары Шапырашты Наурызбай, Қаракерей Қабанбай, Тама Есет сияқты ерлер қатарында аталуға лайықты деп ойлаймын. 

Кейкі батыр болмысы мен тағдыры өзімен тұстас Амангелдіден, Жанбосынұлы Әбдіғаппар ханнан ерекше. Ол тек ел-жұртына ғана қызмет етті, есесі кеткеннің жоғын жоқтап, зорлық көрген жандарды жақтап, әділеттіліктің жаршысы болды. Өжеттігі мен өрлігіне қоса, Кейкі парасаттың туын биік көтеріп, ар-намысты бәрінен жоғары қойған абзал мінезімен айрықша өркештеніп тұрады. Бұл тұрғыдан Кейкі батыр тұлғасын әлемдік тарихтағы Рим басқыншылығына қарсы күресте 1-ғасырда еврей ұлтына басшылық жасаған Элазар бен Яир, 13-ғасырдағы шотландтардың халық батыры, әйгілі сері Уильям Уоллес тәрізді  бірегей тұлғалармен шендестіруге болады деп санаймын.

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы «Біз тарихтың сабағын айқын түсінуіміз керек» деген даналық сөзі сақтардан бастау алып, ғұндар мен Түркі қағанатынан бері жалғасатын терең тарихымыздың өнегелі тұстарынан тәлім алуға шақырады.

Қазақстан егемендігін алып, еңсе түзеген шақта мемлекет тарапынан ұлттық тарихқа ерекше көңіл бөліне бастады. Бұл ретте ел Президентінің «Тарих толқынында» атты туындысы іргелі негіздеме болып табылады. Онда: «Біздің жасампаз жаңалығымыз тарихи бай тәжірибені тірек етуі керек. Мәртебелі болашақ туралы армандай отырып, мерейлі өткенімізді де жадымызда сақтағанымыз жөн» делінген еді.

Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде ұлттық тарихты, дәстүріміз мен мәдениетімізді дәріптеуге, халықтық сана-сезімді арттыруға бағытталған жұмыстар жалпыұлттық жоба саналатын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қарқынды жүргізілуде. Бұл ретте нақты 6 жоба бойынша ауқымды істер атқарылып жатыр.

Атап айтқанда, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында 2017 жылы аударылатын философия, әлеуметтану, психология, дінтану, лингвистика, мәдениеттану салаларын қамтитын 17 оқулықтың тізімі бекітілді.

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы аясында қоғамдық ұйымдардан, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардан кандидатуралар жөніндегі ұсыныстар арнаулы «100esim.el.kz» порталында жинақталуда.

«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша әдебиет, театр, кино және хореография, бейнелеу өнері жанрларын қамтитын, шығармашылық ұйымдар ұсынған жалпы саны 400-ден астам туындының арнаулы тізімі жасалды.

Қазақ жазуын біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмысы  бойынша 25 қаріптен тұратын нұсқа әзірленіп, жұртшылық талқылауына ұсынылғанын  жақсы білесіздер.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында бүгінде макрокиелі 100 нысан қатарына ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұралары тізіміне енген Қожа Ахмет Иасауи кесенесі, Тамғалы петроглифтері, Қорғалжын, Ақсу-Жабағылы қорықтары, т.б. мақтаныштарымыз кірді, ал микрокиелі нысандар тізбесінің саны 500-ден асты. 

Арнаулы «Туған жер» жобасы бойынша «Атамекен», «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Ақпарат толқыны» салалық бағдарламалары әзірленіп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Осы бағыт бойынша қастерлі Қостанай өңірінде де нақты істер атқарылып жатқанын көріп отырмыз. Кеше ғана облыс орталығында Шақшақ Жәнібек бабамыздың еңселі ескерткіші бой көтерді. «Қазақстанның киелі жерлер картасына» ұсынылған Ыбырай Алтынсарин кесенесін жаңғырту жұмыстары таяу арада аяқталады.

Бүгінгі конференция төл тарихымыздың қалтарыста қалған тұстарын зерделеп, Ұлы Дала елінің дара батыры Кейкінің ерлік өмірін тереңірек танып-білуге мүмкіндік туғызары сөзсіз.

Осы форумға қатысушылар құрамының жоғары рухани, интеллектуалдық және кәсіби деңгейін ескере келгенде, бүгін тұжырымды идеялар, эвристикалық көзқарастар, инновациялық ұсыныстар ортаға салынады деп сенемін. Осы орайда сіздердің назарларыңызды мынадай өзекті жайттарға аударар едім:

Бірінші, Қазақстанның ұлттық тарихындағы «ақтаңдақ» тұстардың орнын толтыруды көздейтін арнаулы Жол картасын әзірлеген жөн деп ойлаймыз.

Екінші, маңызды тарихи оқиғалардың зерттелуі мәселесін жүйелі түрде тарихи өлкетанумен байланыстыру қажет.

Үшінші, тарихи айналымға енгізілген зерттеулер нәтижелері  орта, кәсіби және жоғары оқу орындары бағдарламаларына енгізілу арқылы заманға сай, перманентті түрде көрсетілуге тиіс.

Төртінші, халық батырларының өмірі мен қайраткерлігін ұлттың рәміздік капиталы ретінде зерттеп, ілгерілету қажет.

Құрметті конференцияға қатысушылар!

Қазақ Елі заманауи дербес мемлекетін құрып, егемендігін әлемге әйгіледі. Тәуелсіздіктің рәмізі – әсем Астанамыз бүгінде жаһандық жиындар өтетін беделді орталыққа айналды. Күні кеше ТМД елдері арасынан бірінші болып халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО-2017» көрмесін жоғары деңгейде өткіздік.

Ел Президентінің бағдарламалық мақаласында айтылғандай, «Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр». Бұл ретте Кейкі батырдың өмірі мен ерлігіне арналған бүгінгі конференция төл тарихымыздың тереңірек зерттелуіне, танымымыздың кеңейе түсуіне, ұлттық бірегейлікті нығайтуға елеулі үлес қосады деп сенемін.

Конференция жұмысына табыс тілеймін!

Назарларыңыз үшін рахмет.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару