2026 жылғы 26 – 27 ақпанда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Сербия Республикасының Президенті Александр Вучичтің Қазақстан Республикасына ресми сапары өтті.
Қазақстан Республикасының Президенті және Сербия Республикасының Президенті төмендегілер туралы мәлімдейді:
1. Берік достық пен өзара құрметке негізделген дипломатиялық қатынастар орнатудың 30 жылдығын мерекелеу жылында Президенттер екі ел мен олардың халқының игілігі жолында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және әртараптандыруға берік ұстанымдарын растады.
2. Президенттер екіжақты күн тәртібінің кең ауқымды мәселелерін, сондай-ақ негізгі жаһандық және өңірлік процестерді қамтыған мағыналы келіссөздер жүргізді. Келіссөздер барысында жоғары деңгейдегі тұрақты байланыстарды қолдаудың маңыздылығы атап көрсетілді және өзара қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша сындарлы диалогты жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
3. Мемлекет басшылары Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы қарашада Белградқа ресми сапарының табысты қорытындысын құптады, сондай-ақ осы сапар барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың тиімді іске асырылып жатқанын атап өтті.
4. Тараптар Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына және халықаралық құқықтың негіз қалаушы қағидаттарына өздерінің адалдығын растады. Сербия тарапы Сербия Республикасының егемендігі мен аумақтық тұтастығы мәселелерінде Қазақстан Республикасының қолдауын, сондай-ақ Косово мен Метохия Автономдық өлкесіне қатысты дәйекті ұстанымын жоғары бағалайды.
5. Сербия тарапы Қазақстан Республикасының тиімді мемлекеттік басқаруды нығайтуға және ұзақ мерзімді орнықты дамуды қамтамасыз етуге бағытталған кешенді конституциялық және институционалдық реформалар шеңберінде жүзеге асырылатын саяси қайта құрулар мен экономикалық жаңғыртуды жалғастыруға деген бейілділігіне жоғары баға берді.
Өз кезегінде, Қазақстан тарапы Сербияның экономикалық және әлеуметтік дамуындағы прогресті жоғары бағалады, сондай-ақ Сербия тарапының стратегиялық ұлттық мақсаттарға қол жеткізуге және серб халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Болашаққа қадам – Сербия 2027» жоспарын қоса алғандағы бастамаларына қолдау білдірді.
6. Президенттер екіжақты сауданың оң серпінін құптап, оның теңгерімді және орнықты өсуіне ықпал етуге ниетті екендерін білдірді. Энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, құрылыс, денсаулық сақтау және фармацевтиканы қоса алғанда, негізгі секторлардағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығы расталды. Тараптар цифрландыру мен жасанды интеллект саласындағы өзара іс-қимылдың әлеуетін де ынтымақтастықтың перспективалы жаңа бағыты ретінде атап өтті. Бұдан басқа, тұқым шаруашылығы саласында қол жеткізілген оң серпін құпталып, осы саладағы ынтымақтастықты одан әрі алға жылжытуға қолдау білдірілді.
7. Президенттер Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның рөлін екіжақты байланыстарды ілгерілетудегі тиімді платформа ретінде мойындап, Қазақстан – Сербия Іскерлік кеңесі мен Бизнес-клубы қызметін жандандырудың маңыздылығын атап өтті.
8. Тараптар 2019 жылы қазанда қол қойылған Сербия Республикасы мен Еуразиялық экономикалық одақ және оған мүше мемлекеттер арасындағы Еркін сауда туралы келісімді тиімді іске асыруға берік ұстанымдарын растап, оның өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты алға жылжытудағы маңызды рөлін атап өтті.
9. Президенттер Астана мен Белград арасындағы тікелей әуе қатынасының іске қосылуын құптап, бұл маңызды қадам адамдар арасындағы байланыстарды нығайтуға, туризм саласындағы алмасуларды дамытуға және екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге ықпал ететінін атап өтті.
10. Тараптар жоғары білім, ғылым және ғылыми зерттеулер саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесу, сондай-ақ бірлескен академиялық және ғылыми бастамаларды іске асыру мүмкіндіктерін пысықтау туралы уағдаласты.
11. Президенттер мәдени және гуманитарлық ынтымақтастықты екі ел арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтудың маңызды негізі ретінде қарай отырып, оны одан әрі дамытуға адалдығын растады.
12. Президенттер Қазақстанның Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамытудағы негізгі рөліне назар аударып, бұл бағыттың Азия мен Еуропа арасындағы сенімді және тиімді байланыстырушы дәліз ретінде маңызының артып келе жатқандығын, сондай-ақ Сербияның оның дамуына қатысу мүмкіндігін белсенді зерделеуге дайын екендігін атап өтті.
13. Қазақстан Белградтың ЭКСПО – 2027 көрмесін қабылдаушы тарап ретіндегі рөлін оң бағалады және аталған іс-шараны екі ел арасындағы мәдени алмасуды ілгерілету мен ынтымақтастықты тереңдетудің маңызды мүмкіндігі ретінде қарап, өзінің белсенді қатысу ниетін растады.
14. Мемлекет басшылары халықаралық ұйымдар шеңберінде өзара қолдау көрсетуге, сондай-ақ өзара құрмет, сындарлы өзара іс-қимыл қағидаттарына және жаһандық сын-қатерлерге ден қою жөніндегі бірлескен әрекеттерге сүйене отырып, ортақ мақсаттар мен мүдделерді ілгерілету мақсатында ынтымақтастықты тереңдетуге бейілділігін растады.
15. Президенттер Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін құру бастамасын іске асыру мақсатында бірлескен күш-жігерді жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.
16. Президенттер 2025 жылғы 17 – 18 қыркүйекте Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезінің қорытындысын құптап, дінаралық диалогты, оның ішінде тағы да Астанада өтетін алдағы IX Съезд жұмысына белсенді қатысу арқылы одан әрі ілгерілетуге бейілділігін растады.
17. Сербия тарапы Қазақстан Республикасының Алматы қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары (ОДМ) жөніндегі өңірлік орталығын құру бастамасын қолдады. Өз кезегінде, Қазақстан тарапы екі елдің тұрақты дамытуды ілгерілетуге, өңірлік тұрақтылықты нығайтуға және көпжақты өзара іс-қимыл негізінде жаһандық сын-қатерлерге бірлесіп ден қоюға ортақ бейілділігін атап өтіп, қолдау көрсеткені және БҰҰ-ның тиісті қарарына бірлескен авторлығы үшін Сербияға шынайы ризашылығын білдірді.
18. Мемлекет басшылары Біріккен Ұлттар Ұйымымен және басқа да жетекші халықаралық ұйымдармен әріптестікте 2026 жылғы 22 – 24 сәуірде Қазақстанда өткізу жоспарланып отырған алдағы Өңірлік экологиялық саммиттің маңыздылығын атап өтті. Бұл саммит климаттың өзгеруі мәселелері бойынша диалогты ілгерілету, «жасыл» экономикаға көшуге және Орталық Азия мен басқа да өңірлердің орнықты дамуына жәрдемдесу үшін маңызды халықаралық алаңға айналатыны айтылды.
19. Президенттер осы ресми сапар барысында қол жеткізілген уағдаластықтар екі халықтың мүддесіне сай екіжақты ынтымақтастықтың жан-жақты дамуына жаңа серпін беретініне сенім білдірді.