Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Вице-Президент Ерлан Қарин бірқатар қоғам қайраткеріне, ғылым, білім және мәдениет салаларының өкілдеріне мемлекеттік наградаларды салтанатты түрде табыстады.
Вице-Президент биыл елімізде тарихи маңызы зор өзгерістер болып жатқанын айтты.
– Конституциямызда ұлттық бірегейлігімізді, бірлігімізді, даму мен ілгерілеуге деген ұмтылысымызды айқындайтын құндылықтар мен қағидаттар бекітілген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік пен Егемендік қоғамымыздың негізгі құндылықтары екенін үнемі айтып отырады. Сондықтан Республика күні еліміздің әрбір азаматы үшін айрықша маңызға ие, – деді Ерлан Қарин.
Вице-Президент Мемлекет басшысының жасампаз еңбек культін дәріптеуге, еңбексүйгіштік пен кәсібилік құндылықтарын насихаттауға, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыруға ерекше мән беріп отырғанына назар аударды.
Сол себепті биыл Президент Жарлығымен еліміздің дамуына ерекше үлес қосқан 120-дан астам еңбек ардагері, 470-тен астам өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларының еңбеккерлері, 150-ге жуық педагог пен ғалым, 120-ға жуық медицина қызметкері, 200-ден астам кәсіпкер және басқа да азаматтар жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды.
Вице-Президент Ерлан Қарин марапат иелерін Мемлекет басшысының атынан алдағы Республика күнімен құттықтап, олардың ел игілігі жолындағы еңбектеріне толайым табыс, бақ-береке тіледі.