Ақордада Вице-Президент Ерлан Қариннің төрағалығымен ішкі саясаттың негізгі бағыттары жөнінде жұмыс кеңесі өтті. Жиынға Президент Әкімшілігі құрылымдық бөлімшелерінің, әлеуметтік-мәдени және ақпараттық блоктарға жауапты орталық мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоғамдық бірлікті нығайтуға, конституциялық құндылықтар мен қағидаттарды насихаттауға бағытталған бастамаларының іске асырылу барысы қаралды.
«Заң және тәртіп» қағидатын ілгерілетуге, «Таза Қазақстан» жобасын жүзеге асыруға, «Адал Азамат» құндылықтарын орнықтыруға қатысты нақты шаралар пысықталды.
Ерлан Қарин Мемлекет басшысының Жарлығымен қабылданған ішкі саясаттың негізгі қағидаттары, құндылықтары мен бағыттары бекітілген тұжырымдамалық құжат мемлекеттік органдардың ішкі саясат саласындағы жұмысының мазмұндық негізі екенін атап өтті.
Аталған құжатта мемлекеттік аппарат жұмысының басым бағыттары айқындалған: ашық әрі тұрақты қоғамдық диалогты жолға қою, этносаралық және конфессияаралық келісімді одан әрі нығайту, мемлекеттің жастар, ақпарат және мәдени-гуманитарлық саладағы саясатын тиімді жүргізу.
Жиын қорытындысы бойынша Ерлан Қарин Мемлекет басшысының ішкі саясат саласындағы бастамаларын жүзеге асыруға арналған кеңес тұрақты түрде өткізілетінін айтып, жауапты мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берді.