Президент Әкімшілігін өз қызметін Мемлекет басшысының тікелей басшылығымен атқаратын Президент Әкімшілігінің Басшысы басқарады.
Президент Әкiмшiлiгiнiң Басшысы:
- Мемлекет басшысының бекiтуiне Президент Әкімшiлiгi туралы ереженi ұсынады, Президент Әкiмшiлiгiнiң құрылымы мен штаты жөнiнде ұсыныстар енгiзедi, Президент Әкiмшiлiгiнің штат кестесін бекітеді, оған бекітілген штат саны шегінде өзгерістер енгізеді;
- Мемлекет басшысының көмекшiлерi мен кеңесшiлерiнiң жұмысын үйлестiредi, Әкiмшiлiктiң құрылымдық бөлiмшелерiнiң жұмысын ұйымдастырады және бағыттап отырады, өзге мемлекеттiк органдармен өзара iс-қимылын қамтамасыз етедi;
- Мемлекет басшысының қарауына Президенттiң көмекшiлерi мен кеңесшiлерiн, Президент Әкiмшiлiгi құрылымдық бөлiмшелерiнiң басшыларын қызметке тағайындау және қызметтен босату туралы ұсыныстар енгiзедi, Қазақстан Республикасы Президентi Әкiмшiлiгiнiң қызметкерлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
- Президент Әкiмшiлiгiнiң құрылымдық бөлiмшелерi туралы ереженi, Президент Әкiмшiлiгiнiң қызметкерлерiнiң лауазымдық нұсқаулықтарын бекiтедi;
- Мемлекет басшысының актiлерiнiң орындалуы мен сақталуын, оның тапсырмаларының орындалуын, Президент Әкiмшiлiгiнде құжаттардың өтуiн бақылау жөнiндегi жұмысты үйлестiредi;
- Республика Президентiнiң қол қоюы мен қарауына Парламент қабылдаған заңдарды, Жарлықтардың, өкiмдердiң жобаларын және Мемлекет басшысына жолданған басқа да құжаттар мен материалдарды ұсынады;
- тұрақты негiзде Президент Әкiмшiлiгiнiң Парламентпен, оның Палаталарымен, жұмыс органдарымен және аппаратымен; Үкiметпен және Премьер-министр Аппаратымен; министрлiктермен және өзге орталық атқарушы органдармен; Конституциялық Сотпен; Жоғарғы Сотпен; Бас прокуратурамен, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiмен, Республика Президентiне тiкелей бағынатын және есеп беретiн өзге мемлекеттiк органдармен; Ұлттық Банкпен; Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiмен; облыстардың, Республика астанасының және республикалық маңызы бар қалалардың әкiмдерiмен және мәслихаттарымен; жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен; саяси партиялармен және өзге қоғамдық бiрлестiктермен; бұқаралық-ақпараттық құралдарымен; халықпен байланысын қамтамасыз етедi;
- Республика Президенті өзіне жүктеген басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы
СКЛЯР Роман Васильевич

1971 жылғы 8 мамырда Павлодар қаласында дүниеге келген.
Павлодар мемлекеттік университетін «Инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша, сондай-ақ Мәскеу қазіргі заман бизнес институтын «Экономист» мамандығы бойынша және Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын «Заңгер» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1989 жылы «Экибастузуглеавтоматика» монтаждау-жөндеу басқармасында слесарь-монтажшы қызметінен бастаған.
1989-1990 жылдары «Казпромтехмонтаж» шаруашылық-монтаждау басқармасының монтаждаушысы болды.
1990 жылдан бастап – «Вахинвест» бірлескен кеңес-батыс-герман кәсіпорнының қауіпсіздік жөніндегі инженері, Павлодар қ.
1990-1999 жылдары «Ансат-Павлодар» ЖШС коммерциялық бөлімінің бастығы, директордың орынбасары, бас директор қызметтерін атқарды.
1999-2002 жылдары – «Тыныс» ЖШС директоры, Павлодар қ.
2002-2003 жылдары – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитеті Павлодар облысы бойынша басқармасының бөлім бастығы.
2003-2005 жылдары – Павлодар қаласы мемлекеттік сатып алу басқармасының бастығы.
2005 жылғы қантардан бастап – Павлодар облысы әкімінің бас инспекторы.
2005 жылғы сәуірден бастап – Павлодар облысы әкімі Аппаратының басшысы.
2006 жылы – Павлодар қаласы әкімінің орынбасары.
2006-2007 жылдары – Астана қаласының әкімі аппаратының инфрақұрылымды дамыту бөлімінің меңгерушісі.
2007-2008 жылдары – Астана қаласының Энергетика және коммуналдық шаруашылық департаментінің директоры.
2008-2010 жылдары – Павлодар облысы әкімінің орынбасары.
2010-2011 жылдары – Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары.
2011-2013 жылдары – Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация вице-министрі.
2014-2016 жылдары – «Қазақстан темір жолы» АҚ вице-президенті.
2016 жылы – Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаты, ҚР Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы.
2016 жылдың мамыр айынан бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі.
2016-2019 жылдары – Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі.
2019 жылдың ақпан-қыркүйек айларында Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.
2019-2022 жылдары – ҚР Премьер-министрінің орынбасары.
2022-2026 жылдары – ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары.
2026 жылғы 5 мамырда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы болып тағайындалды.