National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Президент Әкімшілігі


Президент жанындағы комиссиялар

Азаматтарға рахымшылық жасау жөніндегі комиссия

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссия 1992 жылғы 25 қаңтардағы кешірім жасау туралы материалдарды алдын ала қарау үшін құрылған және Мемлекет басшысының жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

Комиссияның қызметі Мемлекет басшысының 2006 жылғы 5 шілдеде № 140 Жарлығымен бекітілген Ережемен реттеледі.

Комиссияны Мемлекет басшысы тағайындайтын төраға басқарады. 

Комиссияның құрамына лауазымы бойынша Бас прокурордың жазаның орындалу заңдылығын қадағалау және азаматтарды ақтау жөніндегі орынбасары және Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы не оның орынбасарлары, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және өзге де адамдар кіреді.

Комиссия отырысында төраға болмаған жағдайда оның міндеті Комиссия төрағасының орынбасарына жүктеледі. Комиссияның отырысы оның мүшелерінің үштен екісі қатысқан ретте құқылы болып саналады. Комиссияның отырыстарына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, Жоғарғы Сотының сот алқаларының төрағалары, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағалары, Ішкі істер, Әділет министрлері немесе олардың орынбасарлары, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы қатысып, талқыланатын мәселелер бойынша сөз сөйлей алады.

Комиссияның шешімі оның қатысып отырған мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданады. Сотталған адам үшін неғұрлым қолайлы мәселе дауысқа бірінші болып салынады. Комиссия мүшелерінің дауыстары тең бөлінген жағдайда төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады. Комиссияның шешімі хаттамамен ресімделіп, оған отырысқа қатысқан оның барлық мүшелері қол қояды.

Кешірім жасау туралы мәселе қаралған кезде:

1) жасалған қылмыстың қоғамдық қауіптілік сипаты мен деңгейі, сотталған адамның жеке басы, оның мінез-құлқы, еңбекке көзқарасы, бас бостандығынан айыру орындарындағы ынталы ұйымдардың жұмысына қатысуы, өтелмеген жаза мерзімі, отбасы жағдайы және кешірім жасау туралы өтінішті қарау кезінде маңызы бар басқа да жағдаяттар;

2) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының, Бас Прокурорының және Ішкі істер министрінің сотталған адамға қатысты кешірім жасауды қолданудың орындылығы туралы қорытындылары;

3) түзеу мекемесі әкімшілігінің, қоғамдық бірлестіктер мен еңбек ұжымдарының пікірлері;

4) сотталған адамға кешірім жасау туралы жәбірленушінің өтініші (болған жағдайда) зерделенеді және назарға алынады.

Комиссияның жұмыс органы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімі болып табылады, ол кешірім жасау туралы материалдарды Комиссия мен Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына дайындайды, Мемлекет басшысының кешірім жасау туралы жарлықтарының уақтылы орындалуын бақылауды, кешірім жасауды қолданудың практикасын қорытуды жүзеге асырады.

 

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы

Кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссияның

ҚҰРАМЫ

 

1) Рогов Игорь Иванович - Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының атқарушы директорының орынбасары, төраға;

2) Жиенбаев Ержан Нұрланұлы - Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары, төраға орынбасары;

3) Әзімова Эльвира Әбілқасымқызы - Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл (келісім бойынша);

4) Айтпаева Сәуле Мұханбедианқызы - Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты (келісім бойынша);

5) Арман Төлешұлы Қожахметов - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы (келісім бойынша);

6) Тұрмағамбетова Жеміс Өтегенқызы – «Адам құқығының хартиясы» қорының атқарушы директоры (келісім бойынша);

7) Қаудыров Төлеш Ерденұлы - заң ғылымдарының докторы, профессор (келісім бойынша);

8) Бұсырманов Жұмабек Дүйсешұлы - заң ғылымдарының докторы (келісім бойынша).

Комиссияның құрамына лауазымы бойынша Бас Прокурордың орынбасары және Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы, ал Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы болмаған жағдайда оның орынбасарларының бірі кіреді.

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару