Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссия 1992 жылғы 25 қаңтарда кешірім жасау туралы материалдарды алдын ала қарау үшін құрылған және Мемлекет басшысының жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.
Комиссияның қызметі Мемлекет басшысының 2006 жылғы 5 шілдеде № 140 Жарлығымен бекітілген Ережемен реттеледі.
Комиссияны Мемлекет басшысы тағайындайтын төраға басқарады.
Комиссияның құрамына лауазымы бойынша төрағаның орынбасары болып табылатын Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының құқықтық саясат саласындағы жұмысты үйлестіретін орынбасары, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Бас прокурордың жазаның орындалуы және азаматтарды ақтау мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасары және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы кіреді.
Комиссия отырыстарын Комиссияның төрағасы немесе ол болмаған кезде төрағаның орынбасары өткізеді. Комиссияның отырысы оның мүшелерінің үштен екісі қатысқан ретте құқылы болып саналады. Комиссияның отырыстарына Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы, Жоғарғы Сотының сот алқаларының төрағалары, орталық мемлекеттік органдардың басшылары немесе олардың орынбасарлары қатысып, талқыланатын мәселелер бойынша сөз сөйлей алады.
Комиссияның шешімі оның қатысып отырған мүшелерінің көпшілік даусымен қабылданады. Сотталған адам үшін неғұрлым қолайлы мәселе дауысқа бірінші болып салынады. Комиссия мүшелерінің дауыстары тең бөлінген жағдайда төрағалық етушінің дауысы шешуші болып табылады. Комиссияның шешімі хаттамамен ресімделіп, оған отырысқа қатысқан оның барлық мүшелері қол қояды.
Кешірім жасау туралы мәселе қаралған кезде:
1) жасалған қылмыстың қоғамдық қауіптілік сипаты мен деңгейі, сотталған адамның жеке басы, оның мінез-құлқы, еңбекке көзқарасы, бас бостандығынан айыру орындарындағы ынталы ұйымдардың жұмысына қатысуы, өтелмеген жаза мерзімі, отбасы жағдайы және кешірім жасау туралы өтінішті қарау кезінде маңызы бар басқа да жағдаяттар;
2) Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Төрағасының, Бас Прокурорының және Ішкі істер министрінің сотталған адамға қатысты кешірім жасауды қолданудың орындылығы туралы қорытындылары;
3) жазаны орындайтын органдар әкімшіліктерінің, қоғамдық бірлестіктер мен еңбек ұжымдарының пікірлері;
4) сотталған адамға кешірім жасау туралы жәбірленушінің өтінішхаты (болған жағдайда) зерделенеді және назарға алынады.
Комиссияның жұмыс органы Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімі болып табылады, ол кешірім жасау туралы материалдарды Комиссия мен Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына дайындайды, Мемлекет басшысының кешірім жасау туралы жарлықтарының уақтылы орындалуын бақылауды, кешірім жасауды қолданудың практикасын қорытуды жүзеге асырады.